$ 478.58  520.84  5.44

Алматы – сейсмикалық тұрғыда ерекше қала: ғалымдар жер сілкінісі туралы қандай пікірде?

Жер сілкіністері апат аймағында міндетті түрде қайталанады.

Коллаж: Aikyn.kz
Коллаж: Aikyn.kz

Алматы – сейсмикалық тұрғыда ерекше қала. Ерекшелігі – территориясында 10 баллдық жер сілкінісі болуы мүмкін деп болжанған әлемдегі жалғыз  қала. Екінші ерекшелігі – Алматы шұңқырда орналасқан. Жыл басталғалы Алматыда әр түрлі балдағы жер сілкінісі тіркелгені бәріміздің есімізде. Осы орайда ғалымдардың пайымы қандай? Skifnews.kz ақпарат порталы осы сұрақ төңірегінде ғалымдар мен сейсмологтардың пікірін ұсынады.

Белгілі сейсмолог Мұхтар Хайдаров Алматыда болған соңғы жер сілкінісінен кейін жұртшылық назар аударуы тиіс бірнеше деректі атап өтті. Маманның сөзінше, соңғы дүмпу бұрын болған Кемин жарығының ошағына жақын орналасқан. Бұл сол аумақтағы жер бедерінің белсенділігін тудыруы мүмкін. Тағы бір алаңдатарлық фактор - қаладағы су қоймалары. Жиналған су массасы қандай да бір тербелістердің күшін еселеп, тектоникалқы процесстерді қоздырады.

Фото: zonakz.net

Осы ошақ оянып жатыр ма деп ойлаймын.  Ол – қуатты жер сілкіністің ошағы. Екінші факт 6.1 магнитудасына қарасақ, ол жерде үлкен қысым бар, – деді сейсмологиялық сарапшы Мұхтар Хайдаров.

Соңғы 8 жылда әлемдегі ең жойқын жер сілкіністері Жапония аумағында болған. Жерді 3 метр биіктікке дейін көтерген алапат дүмпулер мыңдаған адамның өмірін қиды. Алайда қазір жапон халқы жерасты сілкіністеріне еті үйренгендей, дүрбелеңге салынбайтын көрінеді. Такаши Ниномия Нагоядан 2014 жылы көшіп келген. Ол елдегі соңғы жер сілкіністері оны қатты алаңдатпағанын айтты.

Фото: kaznu.kz

Жапонияда жер сілкінісін амал жоқ деп ойлайды. Бірақ теңіз жанында тұратын адамдарға цунами де қорқынышты. Жер сілкінісі 5 не 7 балл болса да, дүрбелең тудырмай, заттарды дайындап қою керек, – деді  шығыстанушы Такашими Ниномия.

Геофизик-сейсмолог Әлқуат Нұрмағамбетовтің айтуынша, жер сілкінісі апат аймағында міндетті түрде қайталанады екен.

Коллаж: Azattyq Ruhy

Жер сілкіністері апат аймағында міндетті түрде қайталанады. Өкінішке қарай, ғылыми тұғыдан нақты қашан қайталанатынын анықтау әзірше мүмкін емес. Белгілі заңдылықтарға сүйеніп, тек әлсіз немесе күші орташа жер сілкінісі қашан болатынын біліп отыруға болады. Ал күшті жер сілкіністері өте сирек болғандықтан, заңдылық әзірше белгісіз. Дегенмен көпшілікке белгілі статистикалық әдісті қолдануға болады. Ол үшін сол аймақты болған жер сілкіністері жайлы нақты деректер статистикасына қарап, болжам жасай аламыз. Осы деректерді талдай келе, мынандай қорытындыға келуге болады.  Магнитудасы 7-ден жоғары (эпицентрдегі күші 9 балдан жоғары) ірі немесе жойқын сілкіністер сол аймақта 80-200 жыл арасында қайталану ықтималдығы өте жоғары. Табиғатта кездейсоқ құбылыстар болмайды. Олар бір-бірімен тығыз байланысты. Жүздеген жылдар бойы жиналған энергия немесе кернеу жердің бетіне шығып, соның әсерінен сілкініс болады. Мұндай өзгеріс алдымен сол жер сілкінісі болған жерге жақын аумақта болады. Екінші дүмпу сол алғашқы апатты сілкіністің әсерінен болуы ықтимал. Басқа сөзбен айтқанда, жиналған кернеудің қайталанып таралуы кезінде осал блоктың "сынуы" ықтимал.

Ал Нұрсәрсен Өзбеков БАҚ беттерінде жойқын дүмпу 100 жылда бір қайталануы мүмкін екенін айтқан Мэлс Елеусізовтің бұл пікірін жоққа шығарды.

Коллаж: Halyq Uni

Мэлс Елеусізов өз пікірін айтып отыр. Ол кісі бұрын осы жерде жойқын жер сілкінісі болғанына сүйенген. 1887 жылғы Верныйдағы жер сілкінісі, 1889 жылғы магнитудасы 8,3 Шелек жер сілкінісі, 1911 жылғы магнитудасы 8,2 Кемин жер сілкінісі бар. Ол жағдайда ғимараттар қирап, адамдар қайтыс болды. Елеусізов осы деректерге сүйеніп айтып отыр, яғни жер сілкінісі цикл бойынша жүреді дейді. 100 жылда, 120 жылда бір болуы мүмкін екенін айтқан. Біздің болжам геофизикалық, гидродинамикалық, гидрохимиялық деректердің негізінде жасалады. Оның қай уақытта, қашан болатыны белгісіз дүние. Бұл – бір. Екіншіден, біздің өңірде мұндай жер сілкінісі бір рет қана болды. Геологиялық уақытпен алғанда Верный, Шелек және Кемин жер сілкінісі бір мезетте болған. Бізде бұдан басқа дерек жоқ. 100 жылда болады деп айту үшін «1800, 1700, 1600 жылдары осындай жер сілкіністері болды ма?» деген сұраққа жауап табу қажет. Біздің жер қыртысымыздың сондай қасиеті бар ма? Бұл сұрақтарға жауап беретін қолымызда дерек жоқ. 2000 жыл келді, бірақ мұндай сілкініс болған жоқ. 100 жылдан кейін жойқын жер сілкінісі болған жоқ. Сондықтан бәрі болжам

Сейсмологтар мен ғалымдардың айтуынша, қазір аталмыш салада мамандар тапшы. Ауқымды зерттеулер жүргізіп, жобалар ұйымдастыратын жас ғалымдар жетіспейді. Ал қауіпті жер сілкінісін алдын ала біліп, қауіпті азайту үшін экспедициялар ұйымдастырылып, жарықтарды зерттеу керек. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары