15.04.2024, 21:30

«Жаназасы емес, дүркіреп тойы өтуі керек еді»: Құлсарыда суға кеткен әке мен бала жерленді

Фото: instagram.com/gulmir_ktk

Алланың бұйрығына қарсы шара бар ма?

Құлсарыда су тасқыны кезінде қаза тапқан екі адам, яғни, әкесі Болатбек Нұржауов пен ұлы Асылжан Нұржауов бүгін жерленді. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Журналист Гүлмира Әбіқайдың жазуынша, 24 жасында ажал құшқан Асылжанның бүгін үйлену тойы болуы керек еді.

«Жауапсыздықтан, іздеу-құтқару шараларына салғырт қарағандықтан, 2 адам бақи дүниеге кетті... «ТЖМ-да не қайық, рация, су плащь, не комбинезон, фонарик, т.б. ең қажет заттың бәрі жоқ» деп жылаған әулетке көмекке осы заттардың бәрін Алматыдан арқалап келіп едім… Өкінішке қарай, бүгін бұл құралдардың бәрі керек емес болып қалды. Кеш қалдық… Тура мен келгенде қос денені судан алып шықты. Ал негізі бүгін Асылхан үйленіп, дүркіретіп той жасап жатуы керек-тін. Алланың бұйрығына қарсы шара бар ма?

Бір әулеттің шаңырағын шайқалтқан қазаға қайғыра көңіл айтамын!

Төтенше жағдай кезінде адам өмірін қауіпсіз сақтай алмаған құзырлы жандар заң алдында жауап беруі тиіс!», – деп жазды ол.

Еске салсақ, 6 сәуір күні Жылыой ауданы Құлсары қаласында 1976 жылы туған әкесі мен 2000 жылы туған баласы су басқан үйін көруге кеткен, содан оралмаған. Екеуіне іздеу салынды. Олардың денесі 8 күн өткеннен кейін табылды.