18.04.2024, 15:20

Қасым-Жомарт Тоқаев Саха Республикасының басшысын қабылдады

Фото: Ақорда

Біз өзара қарым-қатынас пен ынтымақтастық перспективаларына зор ықыласпен қараймыз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Саха Республикасының басшысы Айсен Николаевты қабылдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Саха (Якутия) Республикасының сан қырлы байланыстары қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Өзара тауар айналымының айтарлықтай артуы – соның айқын дәлелі.

Біз өзара қарым-қатынас пен ынтымақтастық перспективаларына зор ықыласпен қараймыз. Сіздің Республикаңызға, якут халқына деген құрметіміз ерекше. Қос халыққа ортақ дүниелер көп. Сізбен бірге құрамында іскерлік топтар мен мәдениет өкілдері бар үлкен делегация келгенін айрықша атап өткім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанда Саха Республикасының күндерін өткізу бастамасын қолдады. Оның аясында мәдени және спорттық шаралар ұйымдастыру, Якутияның инвестициялық, туристік әлеуетін таныстыру жоспарланған.