Колумбарий – кремацияланған мәйіттің күлі бар урналар қоймасы.
Ұлттық экономика министрлігі крематорилердің қызметін реттеп, жұмысын қамтамасыз етуді көздейтін бұйрық жобасын жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Құжатта жерлеу мен зираттарды күтіп ұстау қағидаларына бірнеше өзгеріс енгізу ұсынылып отыр. Бұйрық жобасына көз жүгіртсек, жерлеу мен зираттарды күтіп ұстаудың үлгілік қағидаларына қосымша бес ұғым енгізілмек.
Бұйрық жобасы бойынша, колумбариялар арналған жер учаскелері дәстүрлі зират аумақтарынан тыс жерде орналасу керек.
«Күлі бар урнада қайтыс болған адамның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және кремацияның тіркеу нөмірі көрсетіледі. Колумбарияның бірнеше түрі бар:
А) ашық - ұяшықтары бар қабырғалар ашық аспан астындағы зираттарда орналасқан;
Ә) жабық - ғимараттардың ішіне орналастырылған.
Құжатта өртелген мәйіт күлін жерлейтін шұңқырдың көлеміне қойылатын талаптар да көрсетілген.
«Колумбарий тауашасының мөлшері күл салынған урнаның пішініне, көлеміне және сыйымдылығына байланысты 400*400*300 миллиметрді құрайды», – делінген құжатта.