Бұл биылғы соңғы Grand Slam кезеңі болады.
Астанада 10-12 мамырда дзюдодан әлемдік рейтингтік Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі өтеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы halyq-uni.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл жарыста дзюдошылар Парижде өтетін жазғы Олимпиялық ойындарға ұпай жинайды. Сонымен бірге ол биылғы соңғы Grand Slam кезеңі болады.
Қазақстан дзюдо федерациясының хабарлауынша, турнирге әлемнің кіл мықтылары келеді. Белдесулер Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. Бүгінде жарысқа 60-тан астам елдің, соның ішінде әлемдік рейтинг көшбасшылары – Жапония, Оңтүстік Корея, Франция мемлекеттерінің спортшылары тіркелген.
Еске сала кетсек, осы доданың нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес, жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында әлемдік және олимпиадалық рейтингтерде ұпайлар бөлінеді. Атап айтқанда, бірінші орын үшін 1 000, екінші орын үшін – 700, ал үшінші орын үшін – 500 ұпай есептеледі.
Қазақстан дзюдо федерациясы мен Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) екіжақты келісімшартына сәйкес, Қазақстан әлемдік Grand Slam жарысын 2026 жылға дейін өткізеді.
Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінің тікелей көрсетілімі Qazsport телеарнасынан беріледі.
10 мамырда әйелдер 48, 52 және 57 келіге дейінгі салмақта күш сынасса, ерлер: 60 және 66 келі салмақта белдеседі.
11 мамырда әйелдер 63 келі және 70 келіге дейінгі категорияда, ерлер 73 және 81 келі салмақта ел намын қорғайды.
12 мамырда әйелдер 78 келіге дейінгі және 78 келіден аса салмақта татамиге шығады. Ерлер 90-ға дейінгі салмақта, ерлер 100 келі және одан көп салмақта сынға түседі.