29.04.2024, 17:00

Прокурор Байжановқа тағылған айыпты өзгерткісі келетінін айтты

Фото: t.me/Jogargy_sot

Бишімбаев пен Байжановқа қатысты сот отырысы 2 мамырға дейін шегерілді.

Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжанов ісі бойынша өтіп жатқан сот отырысында прокурор ұсыныс жасады. Мемлекеттік айыптаушы Байжановқа «қылмыс туралы хабарламады» деп айыптаудан бас тартуды ұсынады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Мемлекеттік айыптау тарапы Байжановқа қатысты сот тергеуін қайта бастауды сұрайды», - деді прокурор.

Сот отырысына қатысушылар бұған қарсылық білдірмеді. Судья тергеуді қайта бастауға келісім берді.

Айта кетейік, Бақытжан Байжановқа қылмыстық кодекстің екі бабы: 432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу) және 434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау) бойынша айып тағылған еді.

Мемлекеттік айыптаушы Саяхат Нұрбековтің айтуынша, айыптау тарапы сотталушы Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық кодекстің 434-бабына сәйкес тағылған айыптаудан бас тартты. Бұл бапта аса ауыр қатыгездікпен жасалған қылмысты хабарламау әрекеті қарастырылған.

«Айыптау тарапы Байжановқа қатысты қылмыстық кодекстің 434-бабы, яғни қылмыс туралы хабарламау бойынша айыптаудан бас тартады, - деді прокурор Саяхат Нұрбеков.

Енді Байжановқа қатысты іс Қылмыстық кодекстің 432-бабында (аса ауыр қылмысты жасырып қалу) көрсетілген қылмыс жасады деген айыптау бойынша қаралады.

Ал Бүгін Жоғарғы соттың Youtube арнасында Қуандық Бишімбаев пен Байжановқа қатысты сот отырысы өтті. Бишімбаев пен Байжановқа қатысты сот отырысы 2 мамырға дейін шегерілді.

Судья Байжановқа тағылған айыпты қайта қарау мақсатында сот отырысын кейінге шегеру шешімін қабылдады.

«Қарсылығымыз жоқ, бірақ жаңа уәждер пайда болғандықтан бізге уақыт керек, мен прокурорды тыңдадым, жаңа жағдайлар бар пайда болды ғой - жәшік, Мемлекеттік күзет қызметі», - деді Байжановтың адвокаты.