Ауылдастарының шағымдануы бірінші рет емес.
Алматы облысы Қарасай ауданы Қырғауылды ауылының тұрғындары малдың өлексесін қорасынан шығармай отырған үй иесіне шағымданды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Бейнежазбадан үлкен ашық қорада жылқы, шошқа малдары аралас жатыр. Мұнда өлекселерден бөлек, балшыққа батып, әрең қозғалып жатқан үй жануарларын көруге болады.
«Қырғауылды ауылында сұмдық жағдай. Жылқылар мен шошқалар өлексенің жанында ұстап отыр. Көп жылдан бері осы мәселе шешілмей келеді. Дәлірек айтқанда, біз ол туралы бүгін ғана білдік. Біз жағымсыз иіс бұл жер лас болғандықтан шығады деп ойладық. Алайда ол өлексенің иісі екен. Осыған шара қолдануын сұраймыз», - делінген жазбада.
Аталған жағдайға қатысты Алматы облысының әкімдігі түсінік берді.
«Көше тұрғындарының арыз-шағымдары бойынша Қарасай аудаы әкімінің орынбасары мал иесімен әңгімелесті. Нәтижесінде шошқа мен жылқы сату туралы келісімге қол жеткізілді. 4 мамырдан бастап Октава баспанасына тіркелмеген 26 шошқаны уақытша орналастыру туралы келісім жасалды. Баспанада ветеринарлық сараптама және жануарлар карантині жүргізіледі, жылқылар тасымалданады. Жағдай ауылдық округ әкімінің, полиция мен ветеринарлық пунктің бақылауында. Аудан әкімдігі тарапынан көлік мәселесі шешілді», – деп атап өтті Алматы облысының әкімдігінен.
Жануарлардың иесі - Қырғауылды ауылының тұрғыны Алексей есімді азамат.
«Бұл отбасы осындай жағдайға қатысты 2022 жылы айыппұл арқалаған. 2023 жылы 10 бас жануарды ветеринарлық станцияға тіркеткен. Бүгінгі жағдай біздің мекеменің бақылауында. Қорада механикалық және бірнеше дизенфекциялық тазартулар жүргізіледі», – деп мәлімдеді Қарасай аудандық ветстанцияның өкілі.
Ал Райымбек ауылдық округінің әкімдігі жануарлардың иесі санитарлық талапқа бағынбай келе жатқанына 10 жылдан асқанын айтты. Арасында айыппұл төлеген. Ауылдастарының шағымдануы бірінші рет емес.