Ол айғағын Салтанатты қаралаудан бастады. Оны ішімдік ішетін, есі сау емес, ашушаң, қызғаншақ әйел деп сипаттады.
Әйелі Салтанат Нүкенованы азаптап өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша жәбірленуші тараптың адвокаты Жанна Оразбақова не себепті сотталушы соттың алқабилердің қатысуымен өтуін талап еткенін айтты. Сөзінше, алқабилерге Салтанатты жамандау арқылы өзін ақтап алғысы келеді. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы Meduza сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігіне сәйкес адам өлтіргені үшін 15 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген. Ал істі алқабилер қараса, онда барлығы бірауыздан өмір бойына бас бостандығынан айырылсын деп дауыс беруі керек.
Жанна Оразбақованың айтуынша, Бишімбаев алқабилердің ішінде қызы барларды алып тастауды талап еткен екен.
“Бишімбаев алқабилер бірауыздан дауыс бермейді деп үміттенді. Сонымен қатар қоғамның консервативті бөлігін өз жағына тарта аламыз деп ойлады. Ол айғағын Салтанатты қаралаудан бастады. Оны ішімдік ішетін, есі сау емес, ашушаң, қызғаншақ әйел деп сипаттады. Анасы сыйға тартқан сырғаларды қалай лақтырғанын ерекше сипаттап өтті. Өзі алты сағат оны қорлап, намысына тигенін, адамның түбіне жеткенін айтты. Өзіне аяушылық пен түсіністік сезімін ояту үшін Салтанатты алқабилердің алдында жамандады”, – деді адвокат.
Сөзінше, осылай Бишімбаев өзінің зорлық көрсеткенін ақтамақ болған. Әрі ұруының өзіндік себептері болғанын айтты дейді.
"Оның "Мен оны ұрдым, бірақ өмірлік маңызды дене мүшелерін ұрған жоқпын!" деген сөзі мені таңғалдырды. Ол үшін бұл қалыпты нәрсеге айналған. Сот-психологиялық-психиатриялық сараптамалардың қорытындысын көріп, одан не күтуге болатынын түсіндім. Психиатрлар онда эгоцентризм барын атап өтті. Психиатриялық тексеріс кезінде Бишімбаев дәрігерге "Мен қандай өмірлік маңызды мүшелерге қол тигізуге болмайтынын білемін! Ол дезодорантқа тапсырыс беруді ұмытып кеткендіктен, ашуға булықтым" депті”, – дейді Оразбақова.
Сөзінше, осыдан сотталушының болмашы нәрседен жанжал шығаратынын түсінуге болады. Бишімбаевтың сөзімен ол кішігірім жанжал болғанымен, арты адам өліміне әкелді деді ол.
Адвокат қоғам біртұтас марқұм Салтанат пен оның отбасын жақтағанын мақтанышпен айтты.
“Бұл – қоғамның зұлымдыққа қарсы бірлігі. Біз зорлық-зомбылық, адам өлімі туралы жаңалықтардан шаршадық, біз өзгерісті қалаймыз. Қазір мен халқымыздың рухын тікелей сезінемін”, – деді ол.
Дереккөз: Stan.kz