Шынында да, жантүршігерлік оқиға әрі қоғамның ерекше бақылауында.
ҚР бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің "Адам өлтіру" бабы бойынша тергеліп жатыр. Наурызда басталған сот отырысы әлі күнге дейін жалғасуда. Тіпті алыс-жақын елдер де қызығушылық танытып Жоғарғы соттан трансляция жөнінде ұсыныстар айтқан. Атышулы істің нүктесі қандай болады? Бишімбаев неше жылға бас бостандығынан айрылады? Skifnews.kz ақпарат порталы бүгінгі материалында осы сұрақтардың жауабын тарқатып көрмек.
Еске түсірейік:
"Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелдің өліміне қатысты оқиғаны елордалық Полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі бойынша тергеп жатыр", деп өткен жылдың қарашасында Астана полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігінде "Адам өлтіру, яғни басқа адамның заңсыз қасақана өліміне әкеп соғу 8 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланады" делінген.
2017 жылы 11 қаңтарда бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғаны белгілі болды. Атышулы сыбайлас жемқорлық ісі бойынша 23 адам, оның ішінде экс-министрдің немере ағасы да сотта жауап берді. Жоғары лауазымды шенеунік өз мансабы барысында Қызылордада шыны зауытын салу кезінде 1 млрд теңге ұрлағаны және бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.
2018 жылдың наурыз айында Қуандық Бишімбаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. 2018 жылдың желтоқсанында ол өзін қоныс аудару колониясына жіберуді сұрап, өтініш берді, бірақ сот өтінішті ішінара қанағаттандырды. 2019 жылдың қаңтарында экс-министр жазасын өтеу үшін Шымкенттегі ИЧ-167/3 орта қауіпсіздік мекемесіне ауыстырылды.
2019 жылдың 11 қазанында Қуандық Бишімбаев бостандыққа шықты. ҚР ІІМ ҚАЖК баспасөз қызметі экс-министрдің шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін Шымкент қаласы Абай аудандық соты 2019 жылдың 25 қыркүйегінде қарап, оның қанағаттандырылғанын хабарлады. Сот шешімі 2019 жылдың 11 қазанында заңды күшіне енді.
Фото: tengrinews.kz
Бұл жолғы болжам қандай?
Танымал заңгер Жохар Өтебеков Facebook-тегі парақшасында әйелі Салтанат Нүкенованы аяусыз ұрып өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың қандай жаза алуы мүмкін екенін болжады.
Жохар Өтебеков сот отырыстарын бақылай отырып, оның қанша жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтты. Сөзінше, ол телефонындағы видеолар туралы ұмытып кеткен болса керек.
“Бишімбаевтың өзіне ор қазуы арқылы орнаған әділдік! Ол өте арам пиар-науқанын ұйымдастырды. Бүкіл сот отырысында шайқасты, барынша сытылғысы келді, жалтарды. Ашушаң болса да, шыдам танытып, өзін ұстады. Ол өлім болған түні мас күйінде жантүршігерлік видео түсіргенін ұмытып кеткен болса керек, сөйтіп телефонының құпиясөзін берді. Осы кезде айтарға сылтау таппай қалды”, – деді адвокат.
Оның айтуынша, адвокат ретінде клиенттеріне үнемі жылы қарым-қатынас танытатын ол ешкімнің ауыр тағдырын жүрегіне жақын қабылдамайтын. Алайда, Салтанат Нүкенова мен ағасының қайғысы қабырғасын қайыстырған.
Осы саясатты ескере отырып, Бишімбаев 25 жылға немесе өмір бойына сотталуы мүмкін. Ал Байжановқа – 4 жыл. Сот отырысының тікелей эфирі құқықтық мәдениетімізді арттырды. Қылмыстық сот төрелігін, адвокатураны және т.б. реформалар туралы көптеген идеялар алдым”, – деді Өтебеков.
Фото: © Sputnik / Тимур Батыршин
Адам өліміне қатысты қылмыс жасағандар қанша жылға сотталады?
Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасы Қайсар Сұлтанбаев жаза мерзімдерінің төменгі және жоғарғы шектері өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін ұлғайтылғанын айтты.
"Қылмыстық кодекстің 120 және 121 баптарының бірінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер ауырлығы орташа қылмыстар санатынан ауыр қылмыстарға 5 жылдан 8 жылға дейінгі (бұрын 3 жылдан 5 жылға дейін) мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазамен ауыстырылды. Бұдан басқа, көрсетілген баптарда (ҚК-нің 120 және 121 баптарында) 2 және 3 бөліктерінде бас бостандығынан айыру жазалау мерзімдерінің төменгі және жоғарғы шектері ұлғайтылды. 2 бөлім – 9-дан 12 жылға дейін (бұрын 5-тен 10-ға дейін), 3 бөлім – төменгі шегі ұлғайтылды, 12-ден 15 жылға дейін (бұрын 10-нан 15-ке дейін)", - деді Қайсар Сұлтанбаев
Сұлтанбаев қылмыстық кодекстің 120 және 121 баптарына біліктілік белгілерін қоса отырып, 3-2 бөлігінің толықтырылғанын айта кетті. Біріншіден, екі және одан да көп кәмелетке толмағандарға қатысты жасалды. Екіншіден, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққанда – олар үшін 17 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделген.
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі
Билік басындағылар не дейді?
Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов атышулы Қ.Бишімбаевтың сот процесі туралы тілшілер сұрағына жауап берді.
«Қазір сот процесі жүріп жатыр. Өзіңіз білесіз, сот процесіне ешбір азаматтың араласу құқығы жоқ. Оған араласуға болмайды. Екіншіден, бұл іс үлкен резонанс туғызды. Шынында да, жантүршігерлік оқиға әрі қоғамның ерекше бақылауында. Президент осы оқиға бойынша тергеу жұмыстарын дұрыс жүргізу бойынша тапсырма берді, өз бақылауында ұстап отыр. Сондықтан осындай қоғамдық бақылау бар кезде әрине, ешқандай бұрмалаушылық болады деп ойламаймын. Сот шешімін шығару да дербес жүргізіледі. Әділ үкім шығаратынына сенеміз», - деді Ерлан Қошанов.
Фото: Kazinform
ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев Қуандық Бишімбаевтың сот процесінде оған ерекше қорғау жасалғаны туралы сұраққа жауап берді.
"Cот ешкімді қорғамайды. Барлық сотталғандар күзетшінің айдауымен сот залына келеді, тек қана Бишімбаев емес", - деді Әсет Шындалиев Мәжіліс кулуарында.
Сонымен бірге, Ә. Шындалиев сотталушыларды қорғау мәселелері ҚР Ішкі істер министрлігінің құзырында екенін айтты.
"Мен нақты білмеймін, қанша адамның болуы қажет деген мәселелер Ішкі істер министрлігінің құзырында", - деп атап өтті Әсет Шиндалиев.
Фото: inbusiness.kz
Әйелін өлтірді деп айыпталып отырған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты кешегі сот отырысында сот тергеуі аяқталып, өткен аптада жарыссөз өтті.
Жарыссөздiң екiншi бөлiгiнде тараптар сотталушылардың әрекеттерiн саралау, жаза тағайындау, азаматтық талап қою мәселелерi бойынша ұстанымдарын баяндады.
"Сотталушылардың соңғы сөзі а.ж. 6 мамырда, сағат 10:00-де өтеді", - делінген Жоғарғы сот хабарламасында.
Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты сот процесі мәресіне жетіп қалды. Ағайындылардың тағдыры судья мен алқабилердің қолында тұр. Қазақстан көз тіккен атышулы істің соңы қалай аяқталарын дөп басып айту қиын. Жоғарыда келтірілген болжам мен айтылған сөздерге қарап қорытынды шығарар болсақ, бұл жолы Бишімбаевтың басына үйрілген қара бұлт оған жарық күнді көрсете қоймайтыны анық.
Фото: Tengrinews/Тұрар Қазанғапов