$ 494.87  520.65  4.91

Бүгін халық әртісі Асанәлі Әшімов 87 жасқа толды (ВИДЕО)

«Түні бойы қатты қорыққаным соншалық, таңертең мектептен он жасқа есейіп шыққандай болдым».

Асанәлі Әшімұлы Әшімов (1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылмада туған) – кеңестік және қазақстандық кино және театр актері, кино және театр режиссері, театр педагогы, профессор. Осыдан 87 жыл бұрын дүниеге келді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ол Кеңес Одағының және Қазақстанның халық әртісі, Кеңес Одағының және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының лау­реаты, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мемлекетаралық «Достастық жұлдыздары» сыйлығының лауреаты, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Отан», «Құрмет» ордендерінің, ЮНЕСКО-ның әлем киносы алдындағы еңбегі үшін берілген «Алтын қыран» орденінің иегері.

Халық әртісі «Егемен Қазақстан» басылымына берген сұхбатында өзінің туған күні жайлы баяндаған еді.

Жалпы, менің ата-тегім елдің батыс бетінен. Атырау жақтан. Сырым бастаған көтеріліс басып-жаншылғаннан кейін соған белсене қатысқан бабаларымыз аумалы-төкпелі заманда мына Арқа жағына келген екен. Әкемнің әкесі Жаңаарқа жақта туған. Отызыншы жылдардың басындағы ашаршылық кезінде Өзбекстан жаққа өтіп кетіпті біздің ауыл. Біздің ағайындарымызды Ораз Жандосов бастап, осы қазіргі Сарысу жаққа алып келіп, аудан құрыпты. Олар сұрап жүріп, аудан атын Сарысу қойғызыпты. Арқа жақта Сарысу деген өзен бар ғой. Жаңағы хабарды, яғни ел жиналып, орналасып жатыр екен дегенді естігеннен кейін біздің ауыл үдеріле көшіп, Сарысу жақты бетке алып шыққан. Қазақтың көші деген, әсіресе алысқа бара­тын көш тоқтамай жүре бермейді ғой. Қонал­қаны былай қойғанда, әр жер-әр жерде шаруаның жайымен апталап тұрып қалуы да мүмкін. Мен сол көш Келестің тұсына келіп, аз уақыт аялдаған күндерде дүниеге келіппін. Шешем айтатын, қар еріп жатқан кез еді деп. Қар деген көктемде де, күзде де ери береді ғой… Құжат аларда күзден көктемі дұрыс шығар деп қиыстырып толтыра салғанмын. 8 мамыр деп. 9 мамыр деуге батпаған болармын, - деді ол.

Ал тағы бір естелігінде қатал соғыс жылдары өткен балалық шағы туралы осылай дейді:

Алғашқы қар жауғанша жалаң аяқ жүрдім. Бір күні сабақ кезінде қалың қар жауған еді. Барлық сыныптастарымды ата-аналары үйлеріне алып кетті. Ал мен суық саз мектепте жалғыз қалдым. Ол кезде тоғыз жаста едім. Түні бойы қатты қорыққаным соншалық, таңертең мектептен он жасқа есейіп шыққандай болдым.

Бүгінде аты аңызға айналған әртіс 1961 жылдан «Қазақфильм» киностудиясының және 1964 жылдан М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері болды.

«Ботагөз», «Асау Ертіс жағасында», «Бір ауданда», «Ұшы-қиырсыз жол» «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі», «Жаушы» және басқа да көптеген фильмдерге түскен.

Театрда «Абай» спектаклінде Абай, «Еңлік-Кебекте» Кебек, «Қарақыпшақ Қобыландыда» Шуақ, «Қан мен терде» Еламан рөлдерін сомдады. Н.Гогольдің «Ревизорын», Ғ.Мүсіреповтің «Амангелді», Н.Оранбаевтың «Мен ішпеген у бар ма?» Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» спектакльдерін сахналады.

«Шоқан Уәлиханов», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмдерін түсірді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары