Басшылар В. және К. есімді азаматтардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, жүргізілген сараптамалармен, оқиға орнын тексеру хаттамаларымен, заттай дәлелдемелерді алу хаттамаларымен толық дәлелденген.
2023 жылдың маусымында «Семей орманы» резерватында болған өртке екі адам кінәлі деп танылып, әрқайсысына 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Абай облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлауынша, Бородулиха аудандық сотында «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватының екі қызметкеріне қатысты абайсызда 14 адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу туралы қылмыстық іс қаралды.
Сот мәліметінше, «Семей орманы» резерватында және Новошульба филиалында басшылық лауазымдарды атқарған В. және К. есімді азаматтардың үстінен сот жүрген. Олар орман өрті кезінде өздеріне жүктелген өртті сөндіруді ұйымдастыру жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін айыпталған. Сонымен сот лауазымды тұлғалардың өртке қатысты жағдайды дұрыс бағаламағанын және өртті сөндіру кезінде қауіпсіздік техникасының сақталуын қамтамасыз етпегені себепті 14 адам қаза тапқанын анықтаған.
Басшылар В. және К. есімді азаматтардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, жүргізілген сараптамалармен, оқиға орнын тексеру хаттамаларымен, заттай дәлелдемелерді алу хаттамаларымен толық дәлелденген.
«Сотталушылардың екеуінде де жас балалардың болуы және ауырлататын мән-жайлардың болмауы түріндегі жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, сот В. және К.-ны кінәлі деп тауып, әрқайсысына 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», – делінген сот хабарламасында.
Ал негізінінен Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігінің санкциясымен 3 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот үкімі заңды күшіне енбеген.
Еске салсақ, 8 маусымда «Семей орманы» МОТР» РММ аумағында үлкен өрт шығып, оны өз күштерімен сөндірмек болған 14 орманшы опат болған еді.
11 маусымда Президент Бас прокуратураға өртті жою бойынша уәкілетті органдардың іс-әрекетіне баға беруді тапсырды. Кейін Бас прокуратура немқұрайдылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.