Ол аялдамаларға оңды-солды жарнама парақтарын іле беретіндерге жаза қолданатынын айтты.
Автобус аялдамасына жабыстырылған әнші Қайрат Нұртастың концертінің жарнама парағы Қарағанды әкімінің ашуына тиді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Мейрам Қожықов әншінің пиар қызметімен байланысуға тапсырма берді. Ол аялдамаларға оңды-солды жарнама парақтарын іле беретіндерге жаза қолданатынын айтты.
«Өзіңіз елестетіп көріңіз. Тұрып жатқан үйіңіздің терезесіне хабарландыру қағазын желімдеп, жабыстырып кетсе, сіз алып тастайсыз, тазалайсыз, жуасыз, бірақ келесі күні тағы іліп кетеді. Ондай желімді ештеңемен жуып кетіре алмасыз. Ашуыңызға тие ме? Аялдамаларға жабыстырып кеткен қағаздар да тура солай менің ашуыма тиеді», - деп жазды әкім.
Әкім мұндай қағаздар қаланың көркін бұзатынын айтты. Ол хабарландыруларды аялдамаға ілгенше, әлеуметтік желіге таратқан әлдеқайда тиімді екенін атап өтті.