$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда жатақхана өртеніп, жеті отбасы далада қалды

Басым бөлігінің дүние-мүлкі жанып кеткен. 

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Алматыда екі қабатты жатақхана отқа оранып, ішіндегі адамдар тірідей өртеніп кете жаздады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы ktk арнасына сілтеме жасап.

Түтінге тұншығып, қызыл жалынның құрсауында қалған тұрғындарды төтеншеліктер терезеден шығарып үлгеріпті. Баспанасы күлге айналған жеті отбасы енді қайда барарын білмей жүр. Өйткені жатақхананың иесі жұртты ағашпен қуалап, жалға алған бөлмелеріне кіргізбей отыр.

Төбесінен қара түтін будақтап жанып жатқан жатақхана Райымбек даңғылының бойында орналасқан. Тілсіз жау түске таман тұтаныпты. Қас-қағым сәтте екінші қабаты отқа оранып, шатыры да лапылдаған.

Түтінге тұншыққан тұрғындар өздігінен далаға шыға алмай қалған. Дереу жеткен төтеншеліктер 12 адамды құтқарып қалды. Оның бесеуі — балалар.

Әсел Жақсылық: — Түнде жұмыс істеймін. Қызымды сабақтан сіңілім алып келді. Ұйықтап жатқанмын. Бір кезде сағат 11 жарым 12 шамасында «өртеніп жатыр» деді.

Өрт қай жақтан шыққанын білмейміз. Сыртқа қарай шығайын десем ,барлық жер түтін. Терезені тақылдаттық. Өрт сөндірушілер терезені сындырып алып шықты. Төрт баламды, сіңілімді, көршінің екі баласын, тағы төрт адам, - деп жалғастырды сөзін ол.

Жатақханадағы пәтерді 100 мың теңгеге жалдап келген жеті отбасы қазір күлге айналған баспанасына қарап, не істерін білмей отыр. Басым бөлігінің дүние-мүлкі жанып кеткен.

Нысанның иесі шығынды өтесін деп талап етуде. Өйткені өрт әбден тозып біткен тоқ жүйесінен пайда болғанына сенімді.

Арайлым Әубәкірова: — Ішінде бір бөлме толық өртеніп кеткен. Жарамсыз, ішіндегі заттар. Техника, кір жуғыш, теледидар, тоңазытқыш, барлық зат. Судың астында. Үйге кіру мүмкін емес. Соның бәрін өтеп берсін. «100мың теңге, пәтер ақшасын береміз, ары қарай көріңдер» дейді.

100 мың теңгемен мынандай уақытта не істейсің? Үш бала-шағамен қайда барасың? Ал жатақхананың иесі бізді көрген бойда қаша жөнелді. Іштен құлыптап алып, есікті тұрғындардың өзіне де ашпай қойды.

— Кірмейсің. — Неге? Өз үйім ғой. Өртеніп жатса да, өзімнің үйім. — Аға, не істейсіз енді? Далада қалып отыр ғой. — Үй тауып берем ғой. — Қандай үй тауып бересіз? — Таптық қой.

Кейін тіпті ағашпен ұруға көшті. — Қарасаңшы,мына жағын іліп тастаған. Кіріп көр. Жекеменшік. Басыңды жарып өлтіремін!

«Далада қалдық» деген тұрғындар әкімдіктегілерден де көмек сұрапты. Әзірге сараптама қорытындысын күтіп, ары сотқа жүгінуден басқа шарасы жоқ.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары