$ 494.87  520.65  4.91

Тағы бір шенеуніктің әйелі күйеуі ұрып-соққанын айтып, мемлекеттен көмек сұрады (ВИДЕО)

Күйеуі бұрын спортшы болған, Олимпиада ойындарына қатысқан.

Атырау қаласының тұрғыны Ақмарат Үмбетқалиева бұрынғы күйеуі, Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимовтен зорлық-зомбылық көргенін айтып, мемлекеттен балаларымен қауышуға көмектесуді сұрады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

Әділдік іздеген ананың видеосы YEDILOV ONLINE Telegram-арнасында жарияланды.

Ақмарал Үмбетқалиеваның айтуынша, оның бұрынғы күйеуі Ринат Ибрагимов қазір Атырау облысы Мақат ауданының әкімі қызметін атқарады. Бұрын спортшы болған, Олимпиада ойындарына қатысқан.

Айтуынша, Ринат Ибрагимов бірге тұрған 11 жылдың ішінде оны үнемі балалардың көзінше ұрып-соғып, азаптаған.

2021 жылы түнгі сағат төртте Ринат Ибрагимов мас күйінде мені балаларымның көз алдында ұрып, бетімді жарды. Осыдан кейін мен жедел жәрдем, полиция шақырдым. Бірақ ол балаларымыз үшін арызымды кері алуымды және өзін кешіруді өтінді. Сөйтіп мен шағымданудан бас тартуға мәжбүр болдым. Дәл осындай оқиға 2023 жылы 31 мамырда қайталанды. Ринат  Ибрагимов тағы да балалардың көзінше мені тепкілеп, ұрды. Оған қоса мені мүгедек ететін айтты. Алған жарақаттан мен бір ай бойы жүре алмадым. Осы уақыт аралығында Ринат Ибрагимов қызметін пайдаланып, балаларымды менен заңсыз тартып алды, - мәлімдеді Ақмарат Үмбетқалиева.

Әйел балаларын бір жыл бойы көрмеген, сөйлеспеген.

Оның айтуынша, бұрынғы күйеуінің үстінен Қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-тармағы «Кінәліге материалдық жағынан тәуелді тұлғаға қатысты денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алайда еш шара қабылданбаған.

Осы уақытқа дейін Ринат Ибрагимовқа қатысты оны ұстау, қылмыстық жаза бойынша, қызметінен шеттету бойынша ешқандай шара қабылданған жоқ. Сол себепті мен сіздерден, мемлекеттен балаларымды қайтаруға, кінәліні жазалауға және әділетті шешімге қол жетекізуге көмектесуді сұраймын. Мен күресіп әбден шаршадым, - дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, жуырда Қазақстанның БАӘ-дегі елшісінің кеңесшісі болған Сәкен Мамаштың әйелі Карина Мамаш күйеуінен қорлық көріп келгенін мәлімдеді. Жәбірленушінің айтуынша, Сәкен Мамаш он жыл бойы әйелін ұрып-соққан. Жәбірленушінің мәлімдемесінен кейін дипломат елге шақыртылып, қызметінен босатылды. Сәкен Мамаштың үстінен «азаптау» бойынша іс қозғалды.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 26
Ұнамайды 10
Күлкілі 2
Ашулы 4

Серіктес жаңалықтары