$ 494.87  520.65  4.91

Атышулы «Айка тізімін» жасаған блогер қыз сотталды

Ол ақшаға сексуалдық қызмет көрсетуге дайын келбетті қыздарды іздеп, бай клиенттерді тартумен айналысқан.

Фото: stan.kz
Фото: stan.kz

Алматыда қалталы ерлерге эскорт қызметін ұсынып, «жеке» секс-кештер ұйымдастырды деген күдікпен ұсталған 25 жастағы қызға қатысты сот үкімі шықты. Атышулы «Айка тізімін» жасаған блогер қыз 6,5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ол ақшаға сексуалдық қызмет көрсетуге дайын келбетті қыздарды іздеп, бай клиенттерді тартумен айналысқан. Атышулы тізімі қоғамда біраз шу тудырған сотталушы мефедронды заңсыз иемденген, сақтаған және тасымалдаған, сондай-ақ жеңгетайлық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Сотталушы қыздарға «демеушілер» табуға, әлемді аралауға және өмірін жеңілдетуге уәде берген. Ал топқа кіру құны 300 доллар. Көрсетілген жеңгетайлық қызметі үшін сотталушы клиенттен түскен табыстың 40%-ын өзіне алып отырған. Ақшаның қалған бөлігі қызмет көрсеткен қызға беріледі.

«Айыпталушы ретінде М. және Т. есімді азаматтар саналған болатын. Айка 6 жыл 6 айға, ал оның сыбайласы 3 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сотталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, сараптамалық қорытындылармен және іс бойынша басқа да материалдармен дәлелденді. Тергеу органы М.-ны аса ірі мөлшерде психотроптық затты заңсыз иемденді, сақтады және тасымалдады, сондай-ақ 52 эпизод бойынша бір топ адамдармен жеңгетайлық жасады деп (қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-бөлігі, 309-бабының 2-бөлігі, 1-тармағы) айыптады.Ал Т. -ға бір топ адамдармен 12 эпизод бойынша жеңгетайлыққа көмектесті деген айып тағылды (қылмыстық кодекстің  28-бабының 5-бөлігі, 309-баптың 2-бөлігі, 1-тармағы)», - делінген хабарламада. 

Сот отырысы жабық режимде өтті. Белгілі болғандай, 2023 жылдың мамыр айында М. аса ірі мөлшерде мефедрон (психотроптық зат) сату мақсатынсыз заңсыз сатып алып, өзімен бірге заңсыз тасымалдаған. Ұстау кезінде полиция қызметкерлері сотталушының сөмкесінен психотроптық зат тәркілеген.

«М. 2020-2023 жылдар аралығында материалдық пайда алу мақсатында Т.-мен бірлесіп, интимдік қызмет көрсету үшін жеңгетайлық жасаған. М. осы қызметтер арқылы жеке өзі немесе сыбайласы Т. арқылы қыздардан ақша алып отырған», - делінген хабарламада. 

Жаза тағайындау кезінде сот М-ның жасаған ісіне өкінетінін, қылмысты ашуға көсектескенін, жас баласының болуын жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды.

Сот барысында секс-бизнесін ұйымдастырушыдан жылжымайтын мүлік құжаттары, ақ түсті ұнтақ зат қалдықтары бар қалта айнасы, есірткі заттарын тұтыну үшін оралған ақша, Lexus ES 250 және Toyota Camry 70 маркалы автомашиналар, сондай-ақ салмағы 1,72 грамм мефедрон тәркіленді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 2
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары