22.05.2024, 22:30

Қытай-Қазақстан шекарасында дамбы жарылды: Министрлік ресми мәлімдеме жасады

Фото: GLOBAL LOOK PRESS

Ведомство басшысы Шығыс Қазақстан облысына барады.

Су ресурстары және ирригация министрлігі Қытайда су бөгеттің бұзылуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мамандары қытайлық әріптестерімен үнемі байланыста. Қытай тарапы трансшекаралық өзендер арқылы секундына 1400 текше метр су жібергендері туралы хабарлады. 

Елдімекендерді су басу қаупі жоқ. Бүгінде Боран гидробекеті аумағындағы Қара Ертіс өзенінде су жіберу көлемі секундына 1700 текше метр, судың деңгейі 543 см.  Ағынды судың келуін ескере отырып, Боран ауылы аумағында Қара Ертіс өзеніндегі гидрологиялық бекетте су деңгейі көтеріледі деп күтілуде.  Осыған байланысты ШҚО «Қазсушар» филиалы мамандарының жұмысы күшейтілген кестеге ауыстырылды. Өскемен су қоймасынан (Бұқтырма су қоймасының контрреттегіші) су жіберу секундына 500 текше метрден 800 текше метрге дейін ұлғайтылды. Жағдай министрдің жеке бақылауында. Ертең ведомство басшысы Шығыс Қазақстан облысына барады. Бүгін өңірде вице-министр Нұрлан Алдамжаров жүр, - деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.

Еске салсақ, бүгін Қазақстан мен Қытай шекарасында дамбы жарылғаны хабарланды. Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданының әкімдігінде ақпаратты растады.

Айта кетейік, кеше, 21 мамырда "Қазгидромет" РМК мамандары Қытайдан Шығыс Қазақстанға келіп жатқан су деңгейі шекті деңгейден асып кеткенін хабарлаған еді.

Нанвань гидробекет аймағында 21 мамырда сағат 08:00-де су шығыны 1960 м3/с болды. Боран ауылы – Қара Ертіс өзені гидрологиялық бекетінде су шығыны 21 мамыр сағат 08:00-де 1640 м3/с болды, су деңгейі – 534 см, шекті деңгей – 525 см, ce шекті деңгейден 9 см асқан, - делінген синоптиктер болжамында. Синоптиктер Қара Ертіс өзені гидрологиялық бекетінде су деңгейі одан ары көтерілетінін болжаған еді.