$ 467.29  501.03  5.35

СҚО шенеуніктері 43 жетім баланы баспана кезегінен заңсыз шығарған

Жұмысына салғырт қараған 8 лауазымды тұлға жауапқа тартылды.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Солтүстік Қазақстан облысында прокурорлар 50-ге жуық жетім баланың баспана кезегінен заңсыз шығарылғанын анықтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жергілікті атқарушы органдардағы тексерулер жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарының өрескел бұзылуын анықтады.

Ғабит Мүсірепов ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның талаптарын бұза отырып, 2010 жылдан бері баспана кезегінде тұрған 43 жетім баланы тізімнен негізсіз алып тастаған.

Сондай-ақ осыған ұқсас заңсыздық («Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 71-бабының талабына қайшы) Ақжар ауданы мен Петропавл қаласында тіркелді. Мұнда қорғаншылық және қамқоршылық органдары 3 ай бойы 6 жетім баланы тұрғын үй кезегіне қоймаған.

Сонымен қатар Айыртау, Ақжар, Аққайың, Ғабит Мүсірепов, Қызылжар, Мағжан Жұмабаев, Мамлют, Тайынша аудандары мен Петропавл қаласының қамқоршылары «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 126-бабын бұзып, жүйелі негізде қамқорлығындағылардың тәрбиесі мен ұстау туралы есепті бермеген.

Қызылжар, Ғабит Мүсірепов, Тимирязев аудандарының қорғаншылық және қамқоршылық органдары кәмелетке толмағандардың пайдасына заңды өкілдерден алименттерді мәжбүрлеп өндіріп алуды бақылау шарасын қабылдамаған.

Қадағалау органының актілері бойынша 8 лауазымды тұлға, оның ішінде аудандық білім бөлімінің 2 басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, заң бұзушылықтар жойылды.

Нәтижесінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқығы қорғалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары