$ 498.34  519.72  4.85

Президент Сингапур Премьер-министрі Лоуренс Вонгпен кездесті

Қазақстан Сингапурдың Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығын нығайтуға ықпал ететінін мәлімдеді.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Сингапур Премьер-министрі Лоуренс Вонгпен кездесті. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Сингапурдың Премьер-министрі лауазымына тағайындалған Лоуренс Вонгты құттықтап, оның жаңа мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.

Мемлекет басшысы Сингапур Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы стратегиялық серіктесі екенін атап өтіп, екі ел арасындағы көпжылдық ықпалдастыққа жоғары баға берді.

«Біз Сингапурмен арадағы көпжақты ынтымақтастықты дамытуға баса мән береміз. Екі ел арасындағы тығыз байланыстың ұзақ жылдар бойы берік дәстүрі қалыптасқан. Мен Сингапурмен қарым-қатынас  орнатуға тікелей атсалыстым. 1970-жылдары жас дипломат ретінде маған Сингапурда қызмет ету бақыты бұйырды. Өзім жұмыс істеген жердің мекенжайы да әлі есімде – Nassim road 5», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті Сингапурдың өте қарқынды дамып келе жатқанын, сондай-ақ бұл елдің әлемдік экономикада жетекші орын алатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Сингапурға алғашқы мемлекеттік сапары екіжақты қатынастарға тың серпін беретініне сенім білдіріп, ол үшін қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Мемлекет басшысының айтуынша, осы сапар аясында жетекші жергілікті компаниялардың басшыларымен кездесіп, өзара мүддені көздейтін нақты бизнес-жобаларды талқылау жоспарланып отыр.

Сингапур Премьер-министрі өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту үшін мол әлеует бар екенін атап өтті.

Лоуренс Вонг екі елдің экономикасы бір-бірін толықтыратынын және Сингапур АСЕАН елдерімен ықпалдастықты кеңейтуде Қазақстан үшін өзіндік хаб бола алатынын, ал Қазақстан Сингапурдың Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығын нығайтуға ықпал ететінін мәлімдеді.

Кездесуде экономикалық және инвестициялық ықпалдастық перспективаларына ерекше назар аударылды. Тараптар жасыл энергетика, көлік және логистика, цифрландыру, қаржы, агроөнеркәсіп кешені, коммуникация, аса маңызды шикізатты өндіру және өңдеу, электронды коммерция сияқты салалардағы ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктерін қарастырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Лоуренс Вонг Алматы облысында сингапурлық Surbana Jurong компаниясының қатысуымен Alatau City (G4 City) сияқты аса ірі жобаны іске асыруды, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін арттыруға бағытталған PSA International және «Қазақстан темір жолы» АҚ арасындағы серіктестікті құптады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары