24.05.2024, 17:00

Ақмола облысында қызғаныштан әйелін ұрған тұрғын ауылдастарының көзінше соттаған

Фото: facebook.com/aqmolaoblsud

Қызғаныштан жанжал шығарып, әйелінің бетінен ұрып, денсаулығына зиян келтірген.

Ақмола облысында азаматтық некедегі әйелін ұрды деп айыпталған ер адамға қатысты жария сот отырысы өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы облыстық сотқа сілтеме жасап.

Соттың Facebook-тегі ресми парақшасында жарияланған ақпарат бойынша, азаматтық некедегі әйелінің денсаулығына жеңіл зиян келтірген ер адамға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық бойынша іс қаралған.

Ақмола облысының тұрғыны алкогольдік масаң күйде қызғаныштан жанжал шығарып, азаматтық некедегі әйелінің бетінен ұрып, денсаулығына жеңіл зиян келтірген.

Бұл құқықбұзушылықты ол бір жыл ішінде екінші рет қайталап жасаған. Бұған дейін де ол осындай құқықбұзушылық жасағаны үшін жауапқа тартылған.

Сот қаулысымен ол 25 тәулікке қамауға алынды және оның мінез-құлқына 3 ай мерзімге ерекше талаптар белгіленді. Жария сот отырысына осындай құқық бұзушылықтарды жасаған адамдар шақырылып, оларға заңбұзушылықтың салдары түсіндірілді, - делінген сот хабарламасында.