Ол адам өміріне қауіп төндіретін шатыр бөлшектерін демонтаждау және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді тапсырған.
Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов Глинка көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің шатырына шығып, көшпелі кеңес өткізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
26 мамырда Абай облысы төтенше жағдайлар департаментіне Глинка көшесі, 35 мекенжайындағы көппәтерлі тұрғын үйдің шатыры жұлынып кеткені жөнінде хабарлама түскен. Жарияланған видеодан әкімнің сол ғимараттың төбесіне шығып, шатырды тексеріп жатқанын көруге болады.
1984 жылы салынған бес қабатты тұрғын үйде 70 шаршы метрлік шатыр жартылай жұлынып кетті. Шатырдың жалпы ауданы – 160 шаршы метр. Бүгін қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов әкімдік бөлімдерінің басшыларымен және ТЖБ басшысының орынбасары Қымбат Көпбаевпен көшпелі кеңес өткізді, - делінген ведомство хабарламасында.
Әкімдік өкілдері көшпелі кеңестің қорытындысы бойынша Нұрбол Нұрсағатов адам өміріне қауіп төндіретін шатыр бөлшектерін демонтаждау және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді тапсырғанын хабарлады.
Нұрбол Нұрсағатов тұрғын үй инспекциясы және құрылыс бөлімінің басшыларына барлық жұмыс аяқталғанға дейін үйді қатаң бақылауда ұстауды тапсырған.