29.05.2024, 12:40

Медеуде екі адам бір-бірін балталап тастай жаздады (ВИДЕО)

Фото: Видеодан кадр

Аталған жайтқа қатысты Алматы қалалық полиция департаменті пікір білдірді.

Желіде Алматыда "Медеу" мұз айдынының маңында болған төбелестің видеосы тарады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Instagram желісіндегі 100baksoff__videos парақшасында жарияланған кадрлардан екі ер адамның төбелесі бейнеленген. Ең сорақысы біреуінің қолында балта болған. Бір мезетте олардың бірі құлап түседі. Жан-жағындағылар жедел жәрдем шақыра бастағанын байқауға болады.

Аталған жайтқа қатысты Алматы қалалық полиция департаменті пікір білдірді. Алдын ала мәліметтер бойынша, төбелескен азаматтар бір-бірімен таныс болып шықты.

"Балтаны қолдану арқылы бұзақылық жасау бойынша қылмыстық іс қозғалды. Төбелеске қатысқан екі азамат та ұсталып, уақытша ұстау изоляторына тоғытылды", - деп жазылған хабарламада. 

Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.