$ 494.87  520.65  4.91

Бүгін - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Қазақстанда 125 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілді.

Фото: Александр Павский / Kazinform
Фото: Александр Павский / Kazinform

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл күн 1997 жылы арнайы жарлықпен бекітілген болатын, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Тарихшы: Сыртқы саяси күштердің ықпалынан ашаршылық мәселесін зерттей алмай отырмыз (ВИДЕО)

Қазақстанда 125 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілді. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Тынышбаев, М. Дулатұлы, Т. Рысқұлов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Асфендияров сынды қайраткерлер мен ұлт зиялылары бар. Саяси құрбандар лагерьлерге жіберіліп отырды. Қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың әйелдері де Ақмола облысында орналасқан «АЛЖИР» лагерінде азапталды.

1993 жылы «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы заң қабылданған болатын. Соның нәтижесінде жазықсыз жала жабылғандар ақталды.

Ақтау шаралары әлі де жалғасып келеді.

Өйткені саяси қуғын-сүргіннің ашылмаған ақтаңдақтары әлі жетерлік. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау комиссиясы 4 жыл бойы (2019-2023) жұмыс істеді. 

Осы кезеңде комиссия ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстарын жүргізді. Мемлекеттік комиссия құрамында 425 ғалым мен зерттеуші, оның ішінде 260-тан аса маман аймақтық комиссияда еңбек етті. Олар Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық архивте сақталған құжаттарды зерделеді. Соның арқасында 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан құпия белгісі алынып тасталды.
Мемлекеттік комиссия саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам адамды ақтау үшін қолданыстағы заңнама аясында нақты жұмыс жүргізді.

Осы еңбектің қорытындысын ғылыми тұрғыда рәсімдеу үшін жиналған материалдардың 72 томдық жинағы бір сериямен әзірленді.

Қазір осы комиссияның жұмысын Президент тапсырмасымен құрылған XX ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы жалғастырып отыр.

Мемлекет басшысы 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында арнайы жазба жариялады.
 

– Біз жыл сайын 31 мамыр күні өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз.
Мемлекетіміз қуғын-сүргіннен жазықсыз жапа шеккен жандарды ақтау, төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін объективті әрі тыңғылықты зерделеу жұмыстарына баса мән беріп отыр.
Біз өткен замандағы қасіретті оқиғалардан тағылым алып, оны ұлт жадында сақтай білуіміз керек. Сонда ғана кез келген сынақтан сүрінбей өтіп, әділетті мемлекет және өркениетті қоғам құру жолындағы биік белестерді бағындыра аламыз, – деп жазды Президент.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары