Бұрынғы порноактриса Сторми Дэниэлске қатысты төлемақыны сайлаушылардан жасыру үшін қаржы есебін бұрмалағаны үшін кінәлі деп тапты.
Нью-Йорк cотында алқабилер АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампты 2016 жылғы сайлау алдында бұрынғы порноактриса Сторми Дэниэлске қатысты төлемақыны сайлаушылардан жасыру үшін қаржы есебін бұрмалағаны үшін кінәлі деп тапты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Манхэттендегі сот процесінің тарихи мәні бар — Трамп қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған алғашқы экс-президент, деп жазады kaz.inform.kz.
Оған барлығы 34 бөлім бойынша айып тағылды. Алқабилер оны барлық эпизод бойынша кінәлі деп тапты.
Бұрынғы президентке сотқа төрағалық ететін судья Хуан Мерчан үкім шығарады. Бұл 11 шілдеде болады.
Сот залынан шықпас бұрын Мерчан алқабилерге істі қарауға лайық назар аударғаны үшін алғыс айтты.
Осы аптада бір жарым айға жуық уақытқа созылған сот отырыстары аяқталды.
Істің барлық мән-жайын анықтау үшін сотқа көптеген куәгерлер шақырылды, олардан прокурорлар мен экс-президенттің адвокаттары жауап алды.
Сейсенбі күні сот тараптардың қорытынды дәлелдерін тыңдады, ал сәрсенбіде Мерчан қазылар алқасына соңғы нұсқау беріп, олар үкімді талқылауға кетті.
Айыпты немесе кінәлі емес деп тану үшін бүкіл алқабилердің бірауыздан шешімі қажет болды.