Әдетте ол жабайылық пен зұлымдықтың шектен шыққан бір түрі есептеледі.
Ескерткіштер – ел тарихы немесе тарихи-мәдени мұра халық тарихының аса маңызды айғағы, адамзаттық өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде барлық қауіп-қатерден тұрақты түрде қорғап отыруды талап етеді. Осы бағыттағы халықаралық актілердің арасынан 1954 жылғы «Қарулы қақтығыс кезінде мәдени мұраларды қорғау туралы», 1972 жылы ЮНЕСКО-ның «Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы», 1979 жылғы «Мәдени мұраларды заңсыз тасымалдау және оларға деген меншік құқығын беруге тыйым салу шаралары туралы», 1988 жылғы Кеңес Одағының «Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы» конвенцияларын атауға болады. Алайда әлі күнге дейін ескерткіштердің қадіріне жетпей, оларды қорлайтындар бар. Осы орайда Skifnews.kz ақпарат порталы вандализм туралы толығырақ тарқатпақ.
Фото: aqmeshit-zhastary.kz
Елімізде ескерткіштерді қирату,түрлі нысандарды бүлдіру, сындыру фактілері жиілеген. Былтыр вандализм жасаған 5 мыңнан аса адам анықталған. Бұзақылар ұсталған жағдайда жазасыз қалмайтыны түсінікті. Бірақ көшедегі жүгенсіздік «қоғамдық эпидемияға» айналмас үшін не істеу керек?
Әйнегі сынып, төбесі опырылған аялдамалар мен қоқыс салғыштың сұрықсыз күйін қазір еліміздің кез келген қаласынан кезіктіруге болады. Тіпті күндіз-түні күзетілетін нысандардың да орындықтары сынып, жол сілтейтін көрсеткіштері мен ескерту тақтайшалары бұзақылардың «құрбанына» айналған.
Президент тапсырмасымен былтырдан бастап вандализм актілері, қоғамдық және жеке мүлікті бүлдіргені үшін жаза қатаңдатылды. «Мүлдем төзбеушілік» қағидатын іске асыру аясында қоғамдық орындарда әдепсіз сөздер айтып, қорлау, ғимараттар мен өзге де құрылыстарды, қоғамдық орындарға нұқсан келтіру және қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын басқа да ұқсас әрекеттер үшін – 15 күн есебіндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Астана қаласында өткен жылы 181 қасақана жою немесе бүлдіру фактісі анықталды. Мұны негізге алып, қалалық Полиция департаменті бұзақылық, яғни қоғамдық тәртіпті қоғамды құрметтемеу анық көрінетін, азаматтарға күш қолданумен не оны қолдану қатерін төндірумен, сол сияқты бөтеннiң мүлкiн жою немесе бүлдiрумен не барынша арсыздықпен ерекшеленетiн әдепсiз әрекеттер Қылмыстық кодекстің 293-бабымен («Бұзақылық») қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді. Бұл бап екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін екі мың АЕК мөлшерінде айыппұл салуды көздейді. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны және бөтеннің мүлкін бүлдіргені туралы фактілер анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылдау үшін «102» нөміріне хабарласу керек, – дейді Астана қаласы ПД баспасөз қызметінің басшысы Гүлмира Шырахметова.
Нұрбек Ергешбай – қитұрқы әрекетке басып, қоғам меншігіне атүсті қарайтындармен күресіп жүргендердің бірі. Волонтер өткен жылы «Jastar ruhy» жастар қанатының 50-ден астам белсендісімен Көкше маңындағы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орналасқан «Жұмбақтас» жартасын тазартқан.
Фото: azattyq-ruhy.kz
Ғимараттарға, тарихи-мәдени орындарға сурет салып кететіндер көп. Өз атын әр жерге қайталап жаза беретіндер де аз емес. Сондай-ақ түнде бетперде киіп, рұқсат етілмеген жерлерге барып сурет салып, полиция қызметкерлерінен қашып, содан ерекше адреналин алатындар да бар. Бұл – таза жабайылықтың, мәдениеттің төмендігінің көрінісі, анық вандализм. Олардың эмоцияға беріліп, істеген әрекеті, қаланың сәнін қашырып, бюджетке салмақ түсіріп тұр. Бірақ оның салдарын бұзақы түсініп, парқына бармайды. Көп болса, айыппұлмен құтыламын деп еліреді. Мен осы нәрседен қорқамын. Өйткені қаншама тарихи нысанның бүлінгенін біз жіті білмеуіміз мүмкін. Сондықтан біз бұл мәселені депутаттарға жеткіздік, вандализмге қарсы петиция да жарияладық, – дейді жанашыр.
Өткен жылдың шулы оқиғасы Маңғыстаудағы Ыбықты шатқалы болды. Манас Көшербаев 2023 жылдың тамыз айында Ыбықты-Сай шатқалында жасаған вандалдық әрекет жасап атын шығарды. Ол балға мен бұрағыш көмегімен шатқалға қашап жазу жазып, кейіннен лауазымды қызметінен айырылып қалған. Кейіннен ақтөбелік шенеунік әлеуметтік желіге видео жариялап, кешірім сұрады.
Фото: egemen.kz
Айта кетерлігі, Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне экологиялық құқықбұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» және «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экологиялық құқықбұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Мұнда біріншіден, вандализм қылмыстық бабының диспозициясы анықталды және нақтыланды (Қылмыстық кодекстің 294-бабы), оның нормалары «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес келтірілді.
Сондай-ақ осы құқықбұзушылықтар үшін санкциялардың төменгі шегі белгіленді.
Енді заң бұзушыға ең төменгі сома – 172 мың теңге немесе 50 АЕК қаралған.
Екіншіден, бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді (ӘҚБтК-нің 147-1-бабы), яғни залал 200 АЕК-тен (690 мың теңге) аспайтын жағдайда.
Үшіншіден, ұсақ бұзақылықтың әкімшілік бабының (ӘҚБтК-нің 434-бабы) диспозициясына «көліктегі мүлікті қасақана бүлдіру немесе өзге де қоғамдық орындарда», сондай-ақ оның құқықбұзушылықтары үшін санкциялар ұлғайтылды.
Фото: Ақорда
Оған қоса мамандар проблеманы түбегейлі шешу үшін креативті индустрия өкілдерін де тарту тиімді екенін атап өтті. Өйткені қоғамдық сананы, мәдениетті қалыптастыруда трендтегі іс-әрекеттер нәтижелі дейді.
Қалай дегенмен, кейінгі уақытта вандализм мәселесі ушығып тұр. Күн сайын БАҚ беттерінде біреулердің халықтың мүлкін, коммуналдық меншігін бүлдіргені туралы жаңалықтар желдей есіп жүр. Бұл ретте Мемлекет басшысының халықтың құқықтық сауатын арттыру және қоғамдық тәртіпсіздіктер мен мәдениетсіздікті болдырмау жөніндегі міндеттері ерекше өзектілікке ие болып отыр.
Қазіргі жағдай мұндай заңсыз әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейтудің дұрыс шешім екенін дәлелдейді. Сонымен қатар мұндай жағдайлардың алдын алу үшін заңнамалық шаралардан басқа, бірінші кезекте жастар арасында тиісті профилактикалық жұмыс жүргізілуі қажет.