Борышкер атанған елшіліктердің арасында берешегі бойынша Қазақстан 9-орында тұр.
Қазақстанның Лондондағы елшілігі Ұлыбританияға 4 жарым миллион фунт стерлинг, яғни 2 жарым миллиард теңге қарыз болып шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Transport for London мемлекеттік компаниясы 20 жыл бойы ақылы жолмен жүріп, ақша төлемей келген дипломаттардың тізімін жариялаған.
Борышкер атанған елшіліктердің арасында берешегі бойынша Қазақстан 9-орында тұр.
Сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияров қарыздың үлкен болуы Қазақстан елшілігінің Лондон орталығында орналасуымен байланысты екенін мәлімдеді.
«Кейбір БАҚ-та шетелдік елшіліктердің қызметкерлері Лондонда ешқандай төлем жасамайтыны туралы ақпарат тарады, бұл тізімде Қазақстан елшілігі де бар. Мен мынаны түсіндіргім келеді, аталмыш қарыз 2003-2023 жылдар аралығын қамтиды», - деді Смадияров.
Бұл аймаққа кіру үшін жүргізушілер жұмыс күндері сағат 07:00-ден 18:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 12:00-ден 18:00-ге дейін 15 фунт стерлинг (8539 теңге) төлеуі керек.
Сәйкесінше, елшілік қызметкерлерінің өз аумағына әрбір кіруі үшін төлемақы есептеледі. Шетелдік дипломатиялық корпустың жалпы пікірі бойынша, бұл ақыны тек біздің елшілік емес, Ұлыбританияда аккредиттелген басқа елшіліктер үшін де есептелген, бұл алым салық болып табылады, - деді ол.
Сонымен бірге, Айбек Смадияров түсіндіргендей, 1961 жылғы Вена конвенциясына сәйкес дипломаттар салықтың бұл түрінен босатылған.
Айтуынша, ол ауданда көлікпен кіріп-шыққан әр қызметкерге салық салынып отырған. Бұл тәртіп 2003 жылы енгізілген екен.
Сыртқы істер министрлігінің өкілі Қазақстаннан бөлек, тізімге енген өзге елдер де бұл алымды заңсыз санайтынын атап өтті.
Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі 1996 жылы ашылған.