09.06.2024, 10:30

«Болашақтың» болашағы бар ма?

Фото: qarmaqshy-tany.kz

Оның құндылығына күмән келтіруге талай себеп бар.

«Болашақ» бағдарламасының аясындағы дау-дамай әлі де толастар емес. Лондон асқан Валерия Гавриленконың әрекетіне қатысты кепілгерлер аппеляциялық сотта өз құқықтарын қорғап жүр. Себебі соның кесірінен екі отбасы далада қалуы мүмкін. Осы орайда Skifnews.kz ақпарат порталы "Болашақ" бағдарламасы аясында өрбіген дауға толығырақ тоқталмақ.

Даудың басы Дайрабай...

Коллаж: ulysmedia.kz

Мақпал Дәрібаева мен Наталья Воробьева әріптесі Валерия Гавриленкоға көмек береміз деп опық жеп қалды.

2016 жылы «Болашақ» стипендиясының иегері Валерия «екі пәтерімді кепілге қойдым, әлі де жетпей жатыр» деп олардан кепілгер болуды жалынып сұраған. Екеуі де әріптесіне сеніп, Халықаралық бағдарламалар орталығымен келісімшарт жасасыпты. Валерия Ұлыбританияда оқып келген, бірақ стипендия талабы бойынша бес жылдық еңбек өтілін өтеп бітірместен, 2019 жылы қалай екені белгісіз, кепілде тұрған екі пәтерді шығарып, сатып жіберген де, шетелге тайып тұрған. «Болашақтағылар» енді оқудың өтеуін бұл екеуінен сұрап отыр.

Мақпал Дәрібаева: — Егер стипендиат міндеттемелерін, яғни еңбек өтілін орындамаған жағдайда, ең бірінші кепілдікке қойылған мүлікті сату арқылы барлық шығын өндіріледі. Бұл жағдайда кепілдікте ешқандай мүлік жоқ, өздері шығарып беріп, Валерия Гавриленкоға елден қашып шығуына барлық жағдай жасаған.

Яғни, Мелдешов мырза ресми құжатқа өзі қол қойып берген. Кепілде тұрған пәтерді Гавриленко қалай шығарып алды деп сұраған екен, орталықтың қазіргі басшылығынан мардымды жауап ала алмапты. Қазір олар «Болашақпен» соттасып жатыр.

Бірінші сот Гавриленконың оқуына кеткен шығынды, яғни 28 млн теңгені кепілгерлер өтесін деген шешім шығарған. Бұлар келіспей, апелляцияға жүгінді.

Айжан Алина, заңгер: — Екі пәтерді кепілден заңсыз шығару дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, жабылған. Біз «Болашақ» басшылығымен кездескенде неге бұны дауламайсыздар деген кезде ғана қозғалғандай болды. Бірақ әлі күнге дейін өндірісте бұндай іс жоқ. Апелляциялық сотта бұл сұрақты көтереміз. 

Халықаралық бағдарламалар орталығының қазіргі басшысы Әлия Оспанова стипендия «иесі қарызын қайтармайынша, кепілгерлер жауапкершіліктен босатылмайды», -  деп отыр.

Орталық мамандары қазір Гавриленконы елге қайтару үшін әрекеттеніп жатқанын жеткізді. Ал кепілді заңсыз шығарған тұлғалар анықталған.

Әлия Оспанова, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрайымы: — Кепілді орталықтан шешу бір жылдан кейін шешу заңды емес дегенді ,өз ішімізде үлкен қызметтік тексерісте анықтадық. Аты-жөндерін анықтадық. Осы мәліметтерді толығымен құқық қорғау органдарына жібердік. Қазір арнайы істі қозғауға осы жылдың басынан соттасамыз.

«Жақсылық жасаймыз» деп, басы бәлеге қалған Мақпал мен Наталья бұрынғы әріптесімен байланыса алмай отыр. Валерия Гавриленко бұлардың нөмірін бұғаттап тастаған. Шағымданушылар енді кепілдіктен заңсыз шығарылған екі пәтер қайтарылсын, оған жол берген лауазымды қызмет иелері қылмыстық жауапқа тартылсын, ал Гавриленконы елге оралып, өз шығынын өзі өтесін дейді. Әйтпесе өздері жалғыз баспанасынан айырылуы мүмкін.

Министр не дейді?

"Гавриленко ақшаны толық қайтарамын деп өзіне жауапкершілік алды, тиісті келісімшартқа қол қойылды. Ол ақшаны төлеуді бастады. Сондықтан гарант тарапқа ешқандай өкпе жоқ. Біз жауап беруші үшінші тарапқа шағым түсіруге мәжбүр болдық. Себебі заң аясында олар да жауапты. Осылай істеуге тура келді. Гавриленко барлық ақшаны төлесе, гарант болған азаматтарға шағым болмайды. Менің ойымша, оларға дұрыс кеңес берілмеген. Олар қауіпті сезіп, залалды толық өтейміз деп ойлаған", — деді Саясат Нұрбек.

Сонымен қатар министр "Болашақ" халықаралық бағдарламалалар орталығының бұрынғы басшылары мен қызметкерлерін жауапкершілікке тарту бойынша жедел шараларды жеделдету мақсатында бас прокурорға хат жолдағанын айтты.

"Бұзушылық фактісі анық, кепілгерлер бізге өз талаптарын жария еткендіктен, мен де оларға ашық түрде жауап бергім келеді: бәрі заң аясында шешіледі, біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Олар жауапкершілікті өз еркімен қабылдады және бұл азаматтық заңнамада нақты көрсетілген. Мұндай заң бұзушылыққа жол берген орталық барлық жауапкершілік пен жазаны өз мойнына алады", – деп қосты ол.

Ал экс-министр қандай пікірде?

Коллаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есен

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов «Болашақта» белгілі бір кемшіліктер бар екенін мойындады. Оның пікірінше, дәл осы жағдай бағдарламаның жабылуына әсер етпеуі керек.

«Мен жабылуына үзілді-кесілді қарсымын. Бұл халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан мыңдаған қарапайым адамның армандарын жүзеге асыра алатын бірегей жоба, бірегей бағдарлама деп санаймын. Олар әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында оқуға мүмкіндік алды, олар бұл туралы ешқашан армандай да алмаған», - деді мәжілісмен.

Сонымен қатар, осы стипендияның арқасында мемлекет 10 мыңнан астам сұранысқа ие, мықты білікті кадр даярлай алды, дейді Аймағамбетов.

«Менің ойымша, кеңірек қарау керек. Әрине, олар айтқандай, хайпты ұстап, жабу туралы айтуға болады. Мұнда қателіктермен, проблемалармен жұмыс істеу керек, ал бағдарлама одан әрі дамиды деп ойлаймын», - деді ол.

 "Болашақтың" болашағы жоқ деген кім?

Коллаж: sn.kz

Осыған байланысты қоғамда "Болашақ" оқу туризміне, эмиграция құралына айналды" деген де пікір бар. Депутат Ирина Смирнова аталмыш бағдарламаның өз міндетін дұрыс орындамайтынына шүйлікті.

"Мен «Болашақ» бағдарламасы өзіне жүктелген міндетті орындамайтынын бұған дейін де айтқанмын. Оның құндылығына күмән келтіруге талай себеп бар. Біздің халықтың ақшасына оқып алып, қашып кеткен қыздың кесірінен басқа бойжеткендердің зардап шеккені бұл сөзіме тағы бір дәлел. Енді кепіл болған сол қыздар әлгі қашып кеткеннің ақшасын төлеуі тиіс", - дейді депутат.

Мәжіліс депутаты "Болашақ" бағдарламасын қажетсіз деп санайтынын да жасырмады.

"Бағдарламаның еш қатысы жоқ. Түрлі кәсіпорындарда болдым, кәсіпте, өндірісте жұмыс істеп жүрген «Болашақтың» бір түлегін көрген емеспін. Олар басқа орындарда, гуманитарлық салаларда жұмыс істейді. Оқып алды, өз қалағанына қол жеткізді, бірақ мемлекет ешқандай пайда көрген жоқ. Мен бұл бағдарлама қажет емес деп санаймын. Шетелде онсыз да ақысыз гранттар көп. Оқығысы келген адам өз есебінен оқысын. Біздің елді жайына қалдырсын Бізге білімді өз елімізде дамыту керек, сырттан әкелудің қажеті жоқ, - деді ол.

Бағдарламаға жасампаздық тілейтіндер де бар 

Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» па­­р­­тиясы фракциясының мүшесі Самат Нұртаза: «Болашақ» бағдарламасы жабылса, елді көтеретін буынның та­мырына балта шабамыз», – дейді.

"Президент бағдарламасымен оқы­ған 3-4 қылмыскер мен жемқорды алға салып, бағдарламаны жабуды талап ететін азаматтарды көзім шалып қалды. Айтайын дегенім, «Болашақ» бағдар­ламасының арқасында талай кедей және орташа отбасыдан шыққан жастар шетел көрді, білім алды, мемлекеттік сектордың орта деңгейінде қызмет етіп, елге пай­дасын келтіріп жатыр. Еуропа мен АҚШ, Канада мен Қытайда білім алуға 80% қазақстандықтардың қалтасы көтер­мейді, нәтижесінде ғылыми прогресс пен дүниежүзілік бәсекелестіктен артта қа­ламыз. Әрине, бүгінгі буын ол қатерді сезінбей өтеді, қиналатын сол неме­релеріміздің буыны. Тоқетері «Болашақ» бағдарламасына талаптарды күшейтіп, іріктеу процесін қатаңдатып, бірақ жастарды жіберуді тоқтатпау керек. ТМД мемлекеттерінің арасында ондай бағдар­лама жоқ, не болып жатқанын көріп отырмыз. Өз сорпасына өздері малынып отыр. Жаһандану процесіне есе жіберуге болмайды", – дейді Самат Нұртаза.

 Естеріңізге сала кетейік, Халықаралық «Болашақ» степендиясы 1993 жылдың 5-қарашадағы Қазақстан Республикасының (ҚР) Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың № 1394 Қаулысымен кадрлар мен мамандар даярлау үшін құрылған.