Биыл 15 сәуірде Мемлекет басшысы әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты заңға қол қойды. Жаңа құжаттағы түзетулер мен өзгертулердің жартысынан көбі балаларға бағытталған.
Бүгін, 16 маусым күні Әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты заң күшіне енді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. ҚР Құқықтық статистика комитетінің ресми дерегінше елімізде жылына 800-ден астам бала зорлық-зомбылық құрбаны болады. Осыған байланысты биыл 15 сәуірде Мемлекет басшысы әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты заңға қол қойды. Жаңа құжаттағы түзетулер мен өзгертулердің жартысынан көбі балаларға бағытталған. Елімізде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 21 мыңнан астам бала бар. Олардың 4000-ға жуығы жетім балаларға арналған 115 мекемеде өсіп жатыр. Қалған 17 мыңнан астамын түрлі отбасылар асырап алған. Жыл сайын қазақстандықтар мыңнан астам жетім баланы асырап алады. Бірақ солардың арасында құқығы тапталып, құлға айналғандары да бар. Оған күні кеше 6 баласына 3 жылдан бері арам ет беріп азаптаған шымкенттік ерлі- зайыптылардың ісі дәлел. Тергеу басталды. Алғашқы сот отырысы 18 маусымда өтеді. Құжат Президенттің тапсырмасымен әзірленген. Заң зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты жүйені енгізеді және жазаны қатаңдату арқылы зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәдениетін қалыптастырады. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева мәлімдеді. Жалпы заңда екі бағыт бойынша түзетулер көзделген.
«Біріншіден, отбасыларға көмек ұйымдастыру, қиын жағдайдан шығару функциясын әлеуметтік басқармаға енгіздік, себебі бұрын әкімдікте бұл функцияға жауапты басқарма болмаған. Қиын жағдайда тұратын отбасыларды, зорлық-зомбылықты анықтап, көмек ұйымдастыру үшін жедел әрекет ету топтары құрылады. Ең маңыздысы әр ауданда отбасын қолдау орталықтары ашылады. Бұл орталықтар психологиялық, құқықтық, әлеуметтік көмек ұйымдастырады. Жалпы осы нормалар үш жыл бойы пилоттық режимде қолданылады», - деді спикер.Екіншіден заң жобасында жазаны қатаңдатыу бойынша біраз түзету көзделген. Ұрып-соғуға және денсаулыққа зиян келтіруге қатысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Орташа және ауыр зиян келтіргені үшін бас бостандығын шектеу жазасы алынып тасталды.
Д. Закиева: заңның күшіне енуі - қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен зорлық-зомбылыққа қарсы күрестегі іргелі қадам
«Шілде айының соңында біз барлық өңірлерге жұмыс сапарларын бастаймыз. Бұл жұмыс шамамен бір жарым жылға созылады. Әр өңірде заң нормаларын, әсіресе зорлық-зомбылықтың, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты егжей-тегжейлі пысықтау мақсатында 7-10 күннен боламыз. Бұл отбасыларды қолдау орталықтарын құру, психологиялық қолдау орталықтарын ашу, мобильді топтар құру. Осы заң ел Президентінің ұстанымы мен азаматтардың қолдауының арқасында қабылданды», - деді ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Әйел құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заңмен шаралар кешенін қабылдау бекітіледі
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зулхаиров ОКҚ алаңында өткен баспасөз конферецниясында атап өткендей, бұл заң бірінші кезекте қоғамның сұранысын іске асыруға бағытталған.
«Заңның бірегейлігі кешенді шаралар қабылдауда жатыр: отбасылар мен балаларға көмек көрсету инфрақұрылымын құру, зорлық-зомбылықтың алдын алу (ерте анықтау), зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету, сондай-ақ бала құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту жөніндегі нормалар», - деді ҚР ІІМ Әкімшілік комитеті төрағасының орынбасары.
Оның айтуынша, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру мен ұрып-соғуды қылмыс деп тану түбегейлі өзгеріс болып табылады. Енді денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу не түзеу жұмыстары, не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделген. Кәмелетке толмаған немесе тәуелді адамға қатысты мұндай әрекеттер бірнеше рет қайталанған жағдайда, құқық бұзушы 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
ІІМ полиция қызметкерлерін ҚР әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі Заңын орындауға дайындау бойынша шаралар қабылдады.
«Біз мұндай жағдайларға ден қою және тергеу алгоритмін, әдістемелік ұсыныстарды, іс жүргізу құжаттарының бланкілерін әзірледік. Барлық қызметкерлер тиісті дайындықтан өтті», - деді спикер.
Өңірлерде 68 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша Заңның қабылдануы отбасы институтын нығайту мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы маңызды қадам болды. Мәдениет және ақпарат министрлігі заңнамалық деңгейде отбасы саясаты саласындағы уәкілетті органға айналды. Ведомство Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жүзеге асыру тәртібін үйлестіреді және айқындайтын болады.
«Бүгінгі таңда отбасыларға түрлі өмірлік жағдайларды шешуде кешенді көмек көрсету үшін өңірлерде 68 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. 2023 жылы 100 мыңнан астам консультация берілді. 2025-2027 жылдар ішінде орталықтардың санын 200-ге жеткізуді жоспарлап отырмыз», - деді ҚР МАМ Жастар және отбасы комитеті төрағасының орынбасары Найла Мухтарова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конферецниясында.
Адамдар (отбасылар) Орталықтарға әртүрлі нысан көздері арқылы көмекке жүгіне алады: дербес, «111» байланыс орталығы, әлеуметтік желілер, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері, сондай-ақ консультациялық-кеңесші органдар және алқалы органдар арқылы.
Отбасын сүйемелдеу жүйесінің негізі отбасына маманды бекіту болады Бұл отбасын көмек пен қолдаудың барлық бағытында сүйемелдеуге, басқа мамандардың жұмысын үйлестіруге мүмкіндік береді, деді ҚР МАМ Жастар және отбасы комитеті төрағасының орынбасары Найла Мухтарова.
«Отбасын қолдау орталықтары өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және қолдау көрсетуді ұйымдастыру бойынша мобильді топтардың жұмысын ұйымдастырады. Олардың құрамына халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармаларының үйлестіруімен білім, денсаулық сақтау, ішкі істер органдарының өкілдері кіреді», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Орталықтар қызметінің тиімділігін арттыру үшін отбасылық цифрлық карта платформасына және отбасыларға көмек көрсету үшін FSM мобильді қосымшасына қосылу арқылы бизнес-процестерді оңтайландыру жоспарлануда. Қазіргі кезде автоматтандырылған жұмыс орындарын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде.
15 өңірде психологиялық қолдау орталықтары ашылды ҚР ОАМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина атап өткендей, жыл соңына дейін басқа облыстарда да орталықтар ашылады.
«Бұл орталықтарға алдын алу және көмек көрсету функциялары жүктеледі. Заңмен әкімдердің орталықтарды ашу құзыреті бекітілген. Еліміздің әр өңірінде психологиялық қолдау орталығын ашу бойынша жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізілуде. Орталықтар өңірдің психологиялық көмегі мен психологиялық қызметтерін үйлестірудің өңірлік хабына айналады», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
16 маусымда күшіне енетін әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заң нормалары туралы айта келе, Оқу-ағарту министрлігінің өкілі тексеру нысанын алдын ала ескертпестен балалар орналасқан барлық нысандарға жоспардан тыс тексерулер жүргізу мүмкіндігі енгізілетінін атап өтті. «Бала құқықтары туралы» Заңның жеке тарауы Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің функцияларын заңнамалық тұрғыдан бекітуге арналған.
«Бүгінде еліміздің 20 өңірінде өңірлік уәкілдер жұмыс істейді. Бірақ заңның негізінде олардың Бала құқықтары жөніндегі бас уәкілдің заңнамалық функцияларына ұқсас заңнамалық функциялары бекітіледі», - деп толықтырды спикер.
Балаларға қатысты қылмастар бойынша татуласу рәсімі алынып тасталды Бұл туралы Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң ның негізгі ережелерін түсіндіруге арналған баспасөз конференциясы барысында ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева хабарлады.
«Бұрын қылмыстардың 30% татуласумен жабылатын. Сонымен қатар балаларға жыныстық сипатта тиісу деген жаңа бап енгізілді. Себебі бұрын осы әрекеттер үшін жауапкершілік болмаған. Педофилияға тек қана өмір бойы бас бостандығынан айыруды көздедік. Сондай-ақ тергеу барысында балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстар үшін адамды бірден қамауға алу қарастырылған. Балаларға жасалған буллингке және баланы автобустан шығарып жіберу бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген», - деді спикер ОКҚ алаңында.