Бұрын Айдос Садықовқа тағылған айыптарға қарамастан, ол әуелі Қазақстан азаматы екенін ескеруіміз керек.
ҚР Президентінің кеңесшісі — баспасөз хатшысы Берік Уәли Киевте қастандық жасалған қазақ журналисіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
«Қайдағы сүйел? Мемлекет басшысы бұл ресурсқа ешқашан қызығушылық танытып, қараған емес. Қазақстанда әртүрлі бағыттағы ондаған, тіпті жүздеген осыған ұқсас арналар мен сайттар жұмыс істейді. Олар жұмысын жалғастырып жатыр. Аталған ресурсқа келетін болсақ, ол ешқашан ішкі ақпараттың күн тәртібіне ерекше әсер еткен емес. Оның үстіне, көптеген адам оның бар екендігі туралы Киевтегі оқиғадан кейін ғана білді», — деді Берік Уәли.
Президенттің баспасөз хатшысының пайымдауынша, "Қазақстанға тағылған жалған айыпты ушықтыруды, еліміздің стратегиялық бағытын, соның ішінде сыртқы саясатқа қатысты ұстанымын өзгерту үшін қысым жасауды көздейтін күштер бар сияқты".
Берік Уәлидің сөзінше, қылмыс Украина аумағында жасалғандықтан, тергеуді сол елдің тиісті құрылымдары жүргізеді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біздің құқық қорғау органдары белгіленген рәсімдерге сәйкес қосымша ақпарат алу үшін Украина тарапына жүгінеді және қажет болған жағдайда тергеуге жәрдем көрсете алады. Бұрын Айдос Садықовқа тағылған айыптарға қарамастан, ол әуелі Қазақстан азаматы екенін ескеруіміз керек. Тиісінше, ол өзінің отбасымен бірге өз құқықтарын пайдаланады. Конституцияға сәйкес, шекарадан тыс жерде болса да, олар мемлекеттің қолдауы мен қорғауына сенім арта алады. Сондықтан Президент тиісті мемлекеттік және дипломатиялық қызметтерге, егер олардың келісімі болса, Садықовтар отбасына барлық қажетті көмекті көрсетуді тапсырды», — деп толықтырды баспасөз хатшы.
Еске салсақ, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Киевте қастандық жасалған қазақ журналисіне қатысты пікір білдірді.