20.06.2024, 13:00

Бүгіннен бастап Қазақстанда вейпке тыйым салынды

Фото: Pixabay

Еске сала кетейік, таяуда Мемлекет басшысы вейпке тыйым салатын заңға қол қойған еді.

Бүгіннен бастап Қазақстанда вейп, оған арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтық әкелуге, сатуға және таратуға тыйым салынды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Айта кету керек, бұл шектеу хиттер немесе темекі қыздыру жүйесіне (IQOS, GLO, PLOOM, iFuse) қатысты емес. Тыйымның негізгі себебі — өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтау.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 11 мен 15 жас аралығындағы жасөспірімдердің шамамен 10% тұрақты түрде вейп тартады.

Қазақстан балалар қоры жүргізген зерттеу көрсеткендей, алматылық 21 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастардың 80,5 пайызы, астаналық осындай жасөспірімдердің 83,3 пайызы апта сайын вейп сатып алады. Бұл аталған жаман әдеттің жастар арасында өте танымал екенін көрсетеді.

Қоғамдық саясат институтының әлеуметтік зерттеуіне сенсек, әрбір төртінші қазақстандық электронды темекі, вейп пен синтетикалық есірткі қолданудың артқанына алаңдайды. Талдау бұл мәселеге қатысты алаңдаушылықтың артқанын көрсетті: 2023 жылы қарашада 15,6%-дан 2024 жылғы мамырда 23,7%-ға дейін өскен.

Жасөспірімдер арасында электронды темекі қолданудың өсуі жаһандық проблема болып отыр. 

Осылайша Қазақстандағы тыйым халықтың денсаулығы мен әсіресе жастарды қорғау мүддесі үшін электронды темекіні реттеудің жаһандық үрдісін көрсетеді.

Тегтер: тыйым заң