21.06.2024, 12:00

Келісінің құны 10 доллар: Қазақстан шегірткені шетелге экспорттамақ

Фото: Pixabay.com

Шегірткенің құрамында ақуыз бен темір көп. Сол үшін оны мал азығына қосып пайдаланса болады дейді.

Елімізде шегіртке енді шетелге экспортталуы мүмкін. Өйткені өзге мемлекеттерде дәл осы жәндік тағам ретінде сұранысқа ие екен. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Оңтүстік Америка мен Африка елдерінде шегірткені қымбат бағалайтын көрінеді. Сол үшін ғалымдар оны уламай, аулап, сатуды жөн деп санайды. Бірақ бұл амалды сынға алды.

Елімізде шегірткелерді жою үшін 2,5 миллион гектар аумаққа улау жүргізіледі. Бұл мемлекетке қомақты шығын келтіреді. Ғалымдар оларды улағанша, сатқан дұрыс деп санайды. Ақтөбеде де жәндікке тәжірибе де жасап көрген.

“Германия ғалымдарымен бірге Ақтөбенің 105 гектар аумағына тәжірибе жүргіздік. Онда екі әдісті қолдандық. бірі – биопестицид, екіншісі – дрондар арқылы. Екі тәсілді де қолдануға болады. Әрі шегірткені сатуды жаңа кәсіп көзі ретінде қарауға болады”, – деді ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басқарма төрағасы Бауыржан Қасенов.

Шегірткенің құрамында ақуыз бен темір көп. Сол үшін оны мал азығына қосып пайдаланса болады дейді.

Ал Тайландта шегірткенің келісі – 7-10 доллар (3223-4604 теңге). 

“Мұндайды өмірімізде көрмедік. Онда құрбақаны француздарға, ал қытайларға жыландарды берейік. Шегірткені жою қиын емес, мультспектральды камерамен түсірілім жасайды да, шегірткенің орналасқан координатын анықтайды. Ал екінші дрон соны улайды”, – деді сарапшы Алмасбек Садырбай.

Десе де ғалымдар жаңа бастама үшін мемлекеттен қолдау күтіп отыр.