$ 494.87  520.65  4.91

«Бұл заңды бұғаттауды талап етемін!»: «Салтанат заңына» қарсылар нені түсінбей жүр

16 маусымда Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң күшіне енген күні заңға қарсы петиция epetition.kz сайтында жарияланды.

Фото: aqmeshit-zhastary.kz
Фото: aqmeshit-zhastary.kz

Мамандардың айтуынша, тұрмыстық зор­лық-зомбылықтың кез келген түрі әрбір сегізін­­ші отбасында бар. Әрбір үшінші отбасында тұр­мыстық зорлық-зомбылық болса, әрбір жетінші әйел – экономикалық, әрбір алтын­шы әйел – фи­зи­ка­лық, әрбір үшінші әйел – психоло­гия­­лық зор­­лық-зомбылыққа тап болады. Өкініш­ке қа­рай, қазіргі қоғамда отбасындағы кемсіту мен қор­­­қы­ту қалыпты жағдайға айнал­ды, тұр­мыс­­тық зор­лық-зомбылық қылмыстарына құлақ үйренді. Статистика көрсеткіші көңіл көншітпегендіктен заң қабылдауға тура келді. Қазақстан қоғамы «Cалтанат заңы» деп атап кеткен Заңға Президент қол қойды. Қабылданған заңның басты міндеті – балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастыру негіздерін жетілдіру, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу. Алайда желіде аталмыш заңға қарсылар оған петиция жариялады деген ақпар тарады. Осы орайда Skifnews.kz ақпарат порталы бұл заңды зерделеп, оған қарсы жиналған петицияның қаншалықты шындыққа жанасатынына шолу жасап көрді. 

 Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев заң ата-ана құқығынан айыруды көздемейтінін айтты.

"Қазірдің өзінде қолданыстағы заңнамада, неке және отбасы туралы заңда ата-аналар қандай да бір қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жағдайда ата-ана құқығынан айырылатын нормалар бар. Алайда, ол нормалар жаппай ата-ана құқығынан айыруға әкелмегені белгілі. Тарихымызда ондай жағдай болған жоқ. Сондықтан Мемлекет басшысы заңға қол қойып, күшіне енген жағдайда құжат жаппай ата-ана құқығынан айыруға әкеледі дегенге сенудің ешқандай негізі жоқ. Бұл менің жеке пікірім. Бұл қате және теріс түсіну. Заңда мұндай нормалар жоқ. Сол себепті осы заң ата-аналарды ата-ана құқығынан айыруға арналмағанын нақты әрі анық түсіндіріп, жеткізуіміз керек. Ол әйелдерді қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жұмыс істейтін болады", - деді Сенат төрағасы.

Заңгер Әйгерім Құсайынқызы әйел құқығын қамтамасыз етуге арналған екі бапты түсіндіріп берді. Сарапшының айтуынша, халық арасында бұл заң "Салтанат заңы" деп аталып кетті.

"Жалпы, бұл - тұрмыстағы зорлық-зомбылықты криминализациялаған заң. Елімізде әкімшілік құқық бұзушылық кодекісіндегі 78 баптағы "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" бабы халық арасында жиі кездесіп, үнемі дау туатын. Осыған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық болған кезде осы заңдағы шаралар қолданылып келді. Онда 15 айлықтың көрсеткішке айыппұл салу немесе 15 тәулікке басбостандығынан шектеу туралы шара қабылданатын. Дәл осы заңды қылмыстық кодекстің 108 бабы ретінде қайтардық. Енді онда айыппұл 200 АЕК-ке дейін(ескі - шамамен 700 мыңға) айыппұл төлейді немесе қоғамдық жұмыстарға 200 сағатқа дейін тартылады. Сонымен қатар 50 тәулікке дейін қамауға алынады. Ең негізгі өзгеріс осындай", - деді Әйгерім Құсайынқызы. 

Заңгер "ұру" деген жаңа бап қосылағанын атап өтті.

"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте ұрып-соғу деген бап болған. Қазіргі таңда ұру деген бап қосылып отыр. Бұл заңда тұрмыстық зорлық-зомбылық шарасында іске асырылады", - деді заңгер.

Денсаулыққа ауыр зиян келтіргенге де жаза күшейді.

16 маусымда Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң күшіне енген күні заңға қарсы петиция epetition.kz сайтында жарияланды.

Петиция авторлары әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты заңдарға тосқауыл қоюды талап етуде. Авторлар қабылданған заң дәстүрлі тәрбие беру үдерісіне қауіп төндіреді және билік азаматтардың жеке істеріне араласады деп санайды. Мұның кесірінен ата-аналардың көпшілігі айыппұл төлеп, есепке алынып, тіпті ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін деп қорқады.

«Мен Қазақстанда зорлық-зомбылықпен күресу деген желеумен ата-ананы кінәлі ететін презумпцияға жол беретін, ата-ананың беделін түсіретін заңның орындалуына қарсымын. Ата-аналар – лоббистік қылмыскерлер емес. Бұл заңды бұғаттауды талап етемін!» - делінген петиция мәтінінде.

Бұл заң жобасын «Салтанат заңы» деп те атайды. Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты жарық көрген бұл заң, петиция мәтінінде, бала тәрбиесіне сонымен қатар, ата-ананың беделіне әсер етеді.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева бұл петицияға қатысты пікірін білдірді. 

«Автордың негізгі ойы – бұл заң тәрбие процесін қылмыстық жауапкершілікке тартады, балаларды алып қоюдың қарапайым механизмін енгізеді және азаматтардың жеке істеріне араласуға өкілеттік беретін құрылым жасайды. Бұл абсолютті өтірік! Бұл заңда балаларды алып қою туралы айтатын бірде-бір норма жоқ.

Осы заң арқылы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәдениетін дамыту, адамды, оның ішінде баланы ұруға жол берілмейтін және Заң мен тәртіп үстемдік еткен қоғам құру міндетін қойды.

Осы заңға қарсы шыққандардың барлығына, ең алдымен, оны оқып, балаларға қатысты қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша жұмыста бізге көмектесуді ұсынамын. Күнделікті балалармен сөйлесу және олардың басынан өткергендерін тыңдау, содан кейін жазаны қатаңдату қаншалықты маңызды болғанын бағалау.

Сіз сондай-ақ дағдарыс орталығына немесе отбасын қолдау орталығына ерікті бола аласыз, сонымен қатар отбасыларға қиын өмірлік жағдайдан шығуға көмектесе аласыз. Мысалы, оларға құжаттарды қалпына келтіру, оларды емдеу, жұмысқа орналастыру. Мұның бәрін жаңа заң бойынша мобильді топтар мен отбасын қолдау орталықтары жасайды.

Бұл шаралар олардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға көмектеседі және сәйкесінше балаға қолайлы жағдай жасайды.

Өткен жылдың маусым айына дейін, яғни осы заң бойынша жұмыс басталғанға дейін біз мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесіп осы жолдан өттік, нақты проблемалар мен көріністі зерттедік.

Еліміздің 220 елді мекеніне бардық. Осылайша, бұл заң қажет емес деп мәлімдемес бұрын, авторларға дәл осындай жолмен жүруді ұсынамын.

Мұндай мәселелерде нәтиже тек нақты іс-әрекеттерден, күнделікті жұмыс пен қадамдардан тұрады», - деп жазды уәкіл.

Зорлық-зомбылық – жалпыға ортақ мәселе және бұл аналардың қасіреті, бұл – бүлінген тағдырлар. Келешекте өзі құрған шаңырақты шайқалтпасын десек, қыз баланың тәрбиесімен бірге, ұл баланың тәрбиесіне ерте жастан көңіл бөлу қажет. Әр жеткіншек қыз бала мен ананы сыйлауды, әйел затын қадірлеуді бала күнінен бойына сіңіріп өссе, отбасында зорлық-зомбылыққа орын болмас еді. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары