Қазақстандық теннисші финалда аустралиялық спортшымен бас жүлдені сарапқа салды.
Қазақстанның екінші, әлемнің 41-ракеткасы Юлия Путинцева Бирмингем (Ұлыбритания) WTA 250 турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қазақстандық теннисші финалда дүниежүзілік рейтингіде 190-орында тұрған аустралиялық Айла Томляновичпен бас жүлдені сарапқа салды.
Kaz.inform.kz сайтының жазуынша, бірінші партияда Путинцева үш брейк жасады — 6:1. Екіншісінде 2:0 есебімен алға кетті. Бірақ аустралиялық спортшы қарап қалмай, есепті 5:3-ке жеткізді.
Дегенмен Юлия таразы басын теңестіріп, тай-брейкте жеңісті жұлып алды — 7:6 (10:8).
Бір сағат 27 минутқа созылған матчта Путинцева 4 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Томлянович 4 эйс, 2 брейкпен шектелді.
Осылайша, Юлия Путинцева алғаш рет көгал төсенішіндегі WTA жарысында топ жарды. Бұған дейін ол 2019 жылы Нюрнберг, 2022 жылы Будапешт додасында жеңімпаз атанған еді.
Ю.Путинцева енді Бад-Хомбург WTA 500 турнирінде бақ сынайды.