Таланты шыңдалып, ой-санасы биіктеген Мағжан Жұмабаев 1913-жылдан ұлтқа қызмет жолына шындап кіріседі.
Бүгін, 25 маусым Қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың туғанына 131 жыл толып отыр. Ақынның өмір жолына қысқаша шолу жасалған мақаланы назарларыңызға ұсынып отырмыз, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Алаш» қозғалысының танымал қайраткері, аса көрнекті ақын, педагог, психолог, журналист, қоғам қайраткері Мағжан (Әбілмағжан) Бекенұлы Жұмабаев 1893 жылы Ресей империясы құрамындағы бұрынғы Ақмола губерниясының Ақмола уезіндегі Полуден болысы (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданы) жеріндегі Сасықкөл көлінің жағасында ауқатты отбасында дүниеге келеді.
Арғын тайпасының жеті момын бірлестігінен тарайтын он екі атығайдың құдайберді атасынан тарайтын Жұмабай – ауқатты, Мекке-Мединеге қажылық сапарын өтеген, елге беделді адам болыпты. Жұмабай балаларының ішінде Бекен (Бекмағамбет) алғырлығымен ерекшеленіп, сауда-саттықпен айналысады, ел басқару ісіне араласып, болыс болады. Бекеннің отбасында Мүслім, Қаһарман, Мағжан, Мұхаметжан, Сәлімжан, Қалижан, Сабыржан, Күләндам, Гүлбарам тоғыз бала болған екен.
Мағжан – атасы Жұмабайдың кішкентайынан болашағынан үлкен үміт күткен немересі екен. Әкесі Бекен Жұмабайұлы ауылда мектеп салып, оған жас мұғалім Яхия (Ахиетден) Ахановты жалдап әкеліп балаларды оқытады. Ағаларына ере барып, төрт жасынан-ақ хат тани бастаған бала Мағжанның зерделілігіне риза болған атасы Жұмабай қажы немересінің ертең белгілі адам болатындығын айтады. Яхия мұғалім ана тілі татаршадан өзге шығыс тілдерін, орыс тілін жақсы білетін білімді ұстаз болумен қатар, ол балаларды жаңаша оқытып, әсіресе поэзияға көбірек көңіл бөледі. Жас Мағжанның ерекше талантын алғаш аңдап, болашағына бағыт сілтеген Яхия ұстаздың көмегімен ол алғашқы өлеңдерін жаза бастайды.
1905 жылы күзде Мағжанды әкесі Қызылжардағы №1 мешіттің жанындағы көрнекті татар зиялысы Мұхаметжан Бегишев ашқан медресеге түсіреді. Стамбул университетінің шығыс тілдері факультетін бітірген Мұхаметжан Бегишев татар, қазақ, өзбек, араб, парсы тілдерін жетік меңгерген, тарих пен әдебиетті терең білетін, оқымысты адам екен. Сондықтан да бұл медреседе дәстүрлі діни оқумен қатар, шығыс халықтарының тарихы, әдебиеті оқытылатын еді. Медресенің бай кітапханасында, сонымен қатар имамның жеке кітапханасында жинақталған шығыстың әйгілі ақындары Физули, Низами, Науаи, Сағди, Қожа Хафиз, Жәми, Омар Хайям жырларымен танысады. Қазақ классигі Абай мен татардың бас ақыны Ғабдолла Тоқайдың өлеңдерімен де осы кезеңде сусындайды.
Жүрген жанның артында ізі қалар,
Етікші өлсе, балға мен бізі қалар.
Бір бай өлсе, төрт түлік малы қалар,
Жүйрік елсе, артында сөзі қалар! –
деп Абай өлеңінің мәңгілік тынысын аңдаған Мағжанның өзі де қазақ поэзиясының заңғар шыңдарының біріне айналды.
Медресе басшысы Мұхаметжан Бегишевтің патша шенеуніктері мен діни миссонерлерінің жергілікті халыққа жасап отырған озбырлығы мен қиянатына қарсы адам болуы да шәкірт Мағжанның санасында болашақ халықшылдықтың берік орнығуына септігін тигізгені анық.
1909 жылы көрнекті ұлт қайраткері Міржақып Дулатов патша тіміскішілдерінен бой тасалап Қызылжарға келеді. Осындағы сот кеңсесінде тілмаштық қызмет атқарумен қатар, орыс тілінен сабақ береді. Міржақып Дулатовтың Қызылжарда болған жылдары – шығармашылығының табысты кезеңі болып саналады. 1909 жылы Қазан қаласында әйгілі «Оян, қазақ!» жинағы шықса, қазақ әдебиетіндегі тұңғыш романдардың бірі «Бақытсыз Жамалды» да осы қалада жазып аяқтайды. Ол өзінің ағасы Асқарға жолдаған хатында: «Бұл қалаға келген соң жас ақын Мағжан Жұмабаевқа орыс тілін үйретіп жүрмін. Ол менен жас, оның өлеңдері ғажап. Күшті ақын, ол өте талантты жігіт. Біздің өмірге көзқарасымыз өте жақын, мен онымен достасып кеттім», - деп жазады. Алаш арыстарының жолы Қызылжар қаласында осылай тоғысады.
«Оян, қазақ!» қазақ халқының рухын оятқан жинақ болды. Халыққа кеңінен тарап, қайта басып шығарылды. Қазақ халқын бостандыққа үндейтін мұндай әрекет патша өкіметіне бұл ұнаған жоқ. Міржақып Дулатовты жазықсыз кінәлі деп тауып, түрмеге жабады. Мағжан ұстаз-досының абақтыға қамалуына қатты қамығады.
«Оян! – дедiң жұртыңа, –
Бас көтерiп, тiрлiк қыл!»
Ақыл айттың ұлтыңа:
«Таста талас, бiрлiк қыл!»
Келешек күнде қағазға,
Алтынмен жазар атыңды.
Құшақтап сүйер, қағазда
Көрсе жазған хатыңды, -
деп жазады, «Жауға түскен жанға» деген өлеңінде. Алаш арыстарының ұлт азаттығы жолындағы күрескерлік өмірі әрқашан қиыншылықтарға толы болды. Бұл тағдыр жас жолы шәкірт Мағжанды да күтіп тұрған еді. Мағжан 1910-жылға дейін Мағжан Қызылжардағы медреседен тиянақты білім алып шығады.
Бұдан кейін оқуын жалғастыру үшін досы Бекмұхамбет Серкебаевпен (КСРО Халық артисі Ермек Серкебаевтың әкесі) бірге Уфа қаласына жол тартады. Уфадағы «Ғалия» медресесіне түсіп оқиды. «Ғалия» медресесі – өз дәуірінің ең алдыңғы қатарлы жаңашыл оқу орындарының бірі еді. Онда діни сабақтармен қатар, араб, парсы, түрік, орыс тілдері, арифметика, география, математика т.б. пәндер оқытылатын болған. Бұл медреседе татарлар мен башқұрттардан өзге, Еділ бойынан, Орта Азиядан, Кавказдан, Түркиядан, Қырымнан, Ауғанстаннан келген шәкірттер білім алатын болған. Мұнда әр кезеңде қазақ әдебиетінің болашақ көптеген көрнекті өкілдері білім алды. Олардың арасында Бейімбет Майлин, Жиенғали Тілепбергенов, Тайыр Жомартбаев, Зейнелғабиден Әміреұлы т.б. болатын. 1910-1913 жылдар арасында медресе қабырғасында оқып жүргенде Мағжан татар әдебиетінің классигі, «Қазақ қызы» романының авторы, осы кезде аталған оқу орнында ұстаздық қызмет атқаратын Ғалымжан Ибрагимовпен танысып, үлгі-өнеге алады. Шығыс халықтары әдебиеті бойынша дәріс оқыған Ғалымжан Ибрагимов жас талап Мағжанға бағыт-бағдар сілтеп, талантын шыңдауға көп жәрдемдеседі. Ғалымжан Ибрагимовтің көмегімен ол 1912 жылы Қазан қаласындағы «Ағайынды Кәрімовтер» баспасынан «Шолпан» атты тұңғыш өлеңдер жинағын бастырып шығарады.
Таланты шыңдалып, ой-санасы биіктеген Мағжан Жұмабаев 1913-жылдан ұлтқа қызмет жолына шындап кіріседі. Осы жылы ол «Садақ» журналын шығаруға белсене атсалысады. Осы журналда өлеңдері жарияланып тұрады.
Орыс тілін оқып үйрену – алдағы өмірде үлкен мүмкіндіктер туындайтынын, осы арқылы ұлт жоғын жоқтауға болатынын қазақ қауымы түсініп үлгерген заман болатын. Сондықтан Мағжан өзінің ақылшы ұстаздары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтардың ақылымен 1913 жылы Омбыдағы мұғалімдер семинариясына оқуға түседі. Омбыдағы кезінде Шоқан Уәлиханов оқыған Кадет корпусынан кейінгі ашылған бұл іргелі оқу орнында білімді оқытушылар сабақ беретін еді. Мағжан оқуға қабылданған тұста қазақ шәкірттерінің үлкен шоғыры білім алған болатын. Осында оқып жүргенде Мағжан Шоқан Уәлихановтың досы, әйгілі ғалым Г.Н.Потанинмен жолығады. Таланты мен біліміне таңғалған ғалым Мағжанды «болашақ Шоқан» деп бағалайды. Мағжанның Омбыдағы қазақ зиялыларымен танысып, етене араласқан адамдарының бірі – Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов болатын. Әлихан Бөкейханов Мағжанның талантына бас иіп, ақынның қазақ көгіндегі биік жұлдыз боларына сенгендігін оның: «Мағжандай ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған 5 миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады?!» - деген сөзінен аңғарамыз. Өсіп-жетілу, қалыптасу кезеңі болған Омбыдағы кезең де Мағжан өмірінде терең із қалдырады. 1916-жылы Омбы мұғалімдер семинариясын алтын медальмен аяқтайды.
Оқуын аяқтаған Мағжан туған өлкесіне оралып, ұстаздық, шығармашылық, журналистік жолда қатар қызмет етеді. Елдегі саяси өмірге де белсене атсалысады. 1917-жылы Ресей империясы аумағында үлкен өзгерістер болады. Мағжан «Бірлік» ұйымының жұмысына белсене қатысып, «Балапан» атты қолжазба журнал шығаруға қатысады. «Алаш» партиясының белсенді мүшесі болып, оның платформасын («Табалдырық» аталған) жасауға қатысады, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов қатарлы «Алаш» партиясы жетекшілеріне қолдау білдіріп, өзі де аталған саяси құрылымның беделді мүшелерінің біріне айналады. «Алаш» зиялылары шығарып тұрған «Қазақ» газетіне белсенді автор болып, бірнеше рет өлеңдерін шығартады.
1917 жылы Ресей империясында зор өзгерістер жүріледі. Осы жылы ақпанда төңкеріс болып, ІІ Николай патша тағынан тайдырылғанда, Мағжан елдегі қоғамдық өзгерістерге белсене араласып, Ақмола облыстық қазақ съезін өткізуге белсене атсалысады.
1917 жылы сәуірдің 25-інен мамырдың 7-сі аралығында Ақмола облысы қазақ комитетінің ұйымдастыруымен Омбы қаласында өткен съезге Ақмола, Атбасар, Көкшетау, Омбы, Петропавл уездерінен 250 өкіл қатысады. Орынбордан Міржақып Дулатов арнайы келіп қатысқан бұл съезде Ақпан төңкерісінен кейінгі қазақ халқының әрі қарайғы жай-күйі талқыланады. Мұнда мемлекеттік құрылыс, қазақ комитеттерін құру, земство, дін, жер, оқу, сот ісі, құрылтай жиналысы, соғыс және әйел жайы секілді он жеті мәселе қаралып, тиісті шешімдер қабылданған. Бұл – қазақ жері бір орталықсыз демократиялық Ресейдің құрамында болсын, бүкілресейлік жиналысқа әр халықтың санына сәйкес депутаттар сайлансын, әйелдер сайлауға қатыссын, бұрынғы басып алған жерлер халыққа қайтарылсын, облысқа земстволық басқару енгізілсін, мектептерде оқу қазақ тілінде жүргізілсін деген мазмұндағы өзекті шешімдер болатын. Ақмола облыстық қазақ комитеті сайланып, құрамындағы он адамның бірі Мағжан Жұмабаев болады. Сондай-ақ осы жылы мамыр айында Мәскеуде өтетін жалпыресейлік мұсылман съезіне делегат ретінде Мағжан Жұмабаев сайланады.
1917 жылы 21-28 шілдеде Бірінші Жалпықазақ съезінде «Алаш» атты партия құрылды. Бұл қазақ халқының саяси өмріндегі үлкен белес болды. Осы жылы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында Екінші жалпықазақ съезі шақырылып, осы жиында Алашорда үкіметі жарияланады.
Съезде он түрлі мәселе қарастырылып, шешім қабылданады. Оқу комиссиясы құрылып, оның құрамына Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Елдес Омаров, Биахмет Сәрсенов, Телжан Шонановтар енеді. Мағжан осы комиссияға төраға болады. Мағжан «Алаш» партиясын, Алашорда үкіметін барынша қолдаушылардың бірі болды. Ол өзінің Алаш жастарына арнауында: «Жастар! Алда жүрген, Алаш жолына аянбай қызмет қылған адал жүрек ағалардан үлгі, өнеге алыңдар. Елдіктен, ерліктен айырылып, екі жүз жылдай еңсесі түскен елді ойлаңдар. Күнді - түн, жақынды - жат, пайданы - зиян деп жүрген, толық саяси құқықтарын іздеп алуға ер жетіп, есі кірген елді ойлаңдар!» - деп жазды.
Мен сенемiн жастарға.
Алаш атын аспанға.
Шығарар олар бiр таңда,
Мен жастарға сенемiн! –
деп Мағжан алашшыл жастарды өзінің оптимизге толы өршіл де, отты жырларымен жігерлендірді.
1918-1919 жылдары Петропавл уездік земство басқармасында қызмет істейді. Осы жылдар Мағжан өміріндегі толқуға толы кезең болды. Уақытша үкімет құлатылып, орнына келген коммунистер Алаш зиялыларына қырын қарады. Оларды коммунистер өздерінің ұстанымына қарсыластар ретінде қарастырды. 1918 жылы Мағжан Жұмабаев пен Қази Торсанов қатарлы Ақмола облыстық қазақ комитетінің мүшелерін большевиктер тұтқындап, түрмеге қамайды. Босап шыққан соң 1919–1923 жылдары Ақмола губерниялық «Бостандық туы» газетінде, сондай-ақ «Шолпан», «Сана» журналдарында, «Ақжол» газетінде қызмет істейді. Халық ағарту жұмысына белсене араласып, 1922 жылы «Педагогика» атты еңбегін жазып шығады. «Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім. Еліміздің азғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдердікі. Бірге оқысқан, бірге оқытысқан, жылдарымыз бір, жолымыз бір қазақ мұғалімдері!
Қолымнан келген осы еңбегімді сендерге тарту қылам. Ниетімнің тазалығы үшін тартуымды қабыл көріп алыңыздар», - деп жазды ол өз еңбегінің басында. «Педагогика» кітабы – Мағжанның бірнеше жыл бойғы ұстаздық еткен жылдарында жинаған тәжірибесінің нәтижесі болатын. Қазақ поэзиясының жауһары «Батыр Баян» поэмасы да осы кезеңде жазылды.
Мағжан 1922 жылы Түркістан Республикасының астанасы Ташкентке келіп, осындағы Қазақ-қырғыз институтында қазақ және орыс әдебиеттерінен сабақ береді. Ол білімін одан әрі жетілдіріп, оқуға ниеттенеді.
1923 жылы қарашада Түркістан Республикасы Ағарту халық комиссариатының жолдамасымен Мәскеудегі Әдебиет- көркемөнер жоғарғы иснтитутына оқуға аттанады. Бұл кезде аталған оқу орнын белгілі орыс ақыны В.Я.Брюсов басқаратын еді. Ол осы тұста белгілі ғалымдар мен ақындарды оқытушылыққа тартып, талантты шәкірттерді көптеп қабылдаған еді. Мағжанмен бірге Михаил Светлов, Артем Веселый, Степан Злобин, Всеволод Ивановтар оқиды. Всеволод Иванов Мағжанмен етене араласады. Мағжан оның «Бала» атты әңгімесін қазақ тіліне аударады. Орыс, Батыс Еуропа әдебиетін терең зерттеп, орыстың сол кезеңдегі белгілі әдебиет қайраткерлерімен танысып, пікірлес болады.
Бұл тұста Мағжанның қалам қуатын, ақындық қарымын өз тұстастары, замандастары да мойындап, бағалаған болатын: Қазақ прозасына «Ақбілектей» тамаша психологиялық туынды әкелген әйгілі жазушы, драматург Жүсіпбек Аймауытов Мағжан шығармашылығының сыршылдығы, ақынның биік эстетикалық талғамы туралы жоғары баға береді. «Мағжан – алдымен сыршыл ақын. Мағжан сөзіндей тілге жұмсақ, жүрекке тиетін үлбіреген нәзік әуез қазақтың бұрынғы ақындарында болған емес. Мағжан не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады. Оқушының жүрегіне әсер бере алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмайсыз.»
Болашақ заңғар жазушы, академик Мұхтар Әуезов сонау ХХ ғасырдың басында-ақ Мағжан шығармашылығының өз қатарынан озық деңгейін, қуаты мен қалам қарымын ерте бағамдап, лайықты баға берген қатарластарының алдыңғы легінде болды. : «Мағжан мәдениеті зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның тегінен асқандай, сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай… Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін.»
Пролетариаттық әдебиеттің туын көтеріп, сонау ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары Мағжан шығармашылығының мазмұнына большевиктік көзқарас тұрғысынан келе отырып, батыра тиісіп сынаған академик Сәбит Мұқановтың өзі кезінде «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты ғылыми ақын поэзиясының көркемдік қуатына былай деп баға берген екен: «… Ақындық жағынан келгенде, Мағжан, әрине, қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиетте жаңа түрлер енгізу ретінде, Мағжанның еңбегі көп. Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ».
Мағжан Мәскеуде оқып жүргенде Қазақстандағы таптық күрес күшейе бастаған еді. Алаш зиялыларына деген күрес, оларды шеттету, шығармашылығына орынсыз тиісу белең алған кезеңде алыста жүрген Мағжан да бұл науқаннан аман қалған жоқ. Оның соңғы кездері жарияланып жатқан туындыларынан совет үкіметіне қарсы сарын тауып, қатаң сынға алады.
Мағжан – совет үкіметін мойындамаған, оның қазақ халқын бақытқа жеткізіп, ұшпаққа шығарарына сенбеген тұлға. Ол совет үкіметін де патша билігінің заңды жалғасы, ұлтын қырып-жойып бағындырушылардың дәстүрін жалғастырушылар деп қарады.
Әлдеқайдан шу шықты,
Қып-қызыл қан-ту шықты,
Жердің жүзін түн басты.
Шегір көзді, сары шаш,
Бәрі тырдай жалаңаш,-
Жан-жағымды жын басты.
Мұндай жыр жазған ақынға күн сайын күш алып келе жатқан советтік қоғамда шынымен орын жоқ болатын.
Мағжанды орынсыз қаралау Мәскеуге дейін жетеді. Атап айтқанда 1924 жылы 24 қарашада Шығыс еңбекшілері коммунистік университетінде қазақ жастарының жерлестік ұйымы арнайы жиналыс өткізіп, Мағжан шығармашылығының идеясы мен мазмұнын талқылап, қаулы қабылдайды. Мағжан жерлестерінің бұл ісіне қамығып «Сәлем хат» атты өлеңін арнайды:
Қайтуым хақ, белді будым тас қылып,
«Кет!» деме, елім, енді мені басқа ұрып.
Дейтін болсаң: «Қой жырыңды, жырауым
Қобызымды қиратармын тасқа ұрып.
Сөзім осы алыстағы еліме,
Алыстағы ақ селеулі беліме.
Жатсың демей, өзімсің деп баурыңа ал,
Қолың беріп мендей саяқ серіңе.
Бір кезде өзіне қамқорлық жасап, қаламгерлік жолға бағыт сілтеген ұстазы Мағжанға советтік дәуірдің ақыны Сәбит Мұқановтың «Сәлем хат жазған азамат Мағжан Жұмабаевқа деген ескертпемен жауап өлең жазуын аға мен бауырдың, дос пен достың арасына сына болып қағылған кер заманның кесірлі идеологиясың салдары деп білеміз.
Сен құлан, өз қағынан жүрген жеріп,
Ел аман, жұрт тыныш кезде қайғыға еніп.
У жеген бір қасқыр сен, сені қалай,
Ел жазып адам қылмақ емін беріп.
Шіріген жұмыртқа елге неге дәрі,
Шіріп қайта таусылсын одан әрі.
Сүйгіш жолыңнан табан бұрма,
Қобызыңнан, ақыным, безбе әлі.
Мағжанға советтік ақын-жазушылардың тағып отырған кінәсі – коммунистік мұраттарды жырламай, кешегіні аңсайтын кертартпасың, пролетариат ақыны бола алмадың деген тапшылдық сарын болатын.
Жоғары оқу орнынан саяси жағдайларға байланысты деген желеумен шығарылып, Қазақстанға оралған Мағжан әуелі Бурабай орман техникумында, 1927-жылы 1 қыркүйектен бастап Қызылжар қаласындағы педагогикалық техникумде қазақ және орыс тілдерінен сабақ беретін оқытушы болып жұмыс істейді. Жоғарыдағы өзіне тағылған айыпқа байланысты, «қорытынды шығарған» сипатында Мағжан советтік өмірді жырлаған «Тоқсанның тобы» атты поэмасын жариялайды: Жүздің оны – кертартпа бай-манаптар, буржуазия өкілдері, тоқсан – көпшілікті құраушы кедейлер екендігін меңзей отырып, ендігі заман осылардыкі дейді:
Бұл тоқсанның жиыны.
Жүзден тоқсан түгел бар.
Жүзден тоқсан – еңбекші.
Он тоқсанға көнбекші.
Көнбесе жаныштар жігер бар,
Жырладым елді жалпылап.
Жасырман, жүзді жоқтадым,
Тоқсанға енді тоқтадым,
Толғанып, ойлап талқылап...
Шын көңілден шыққан нәрлі туындысы емес, шиебөрідей талап, жан-жақтан жұлмалап, орынсыз қаралап мазасын кетірген большевиктік қаламдастарының алдында көз қылып амалсыздан жазылған мәжбүрлі жансауға шығарма еді, бұл. Шу-шұрқан көтерушілер Мағжанды сонда да тыныш қойған жоқ. Саяси себептерге байланысты деген желеумен Қызылжар қалалық оқу басқармасы Мағжанды жұмыстан босатады.
Ақыры 1929 жылы Қызылжарда қамауға алынып, «Алқа» атты жасырын жау сипатты ұйым құрғаны үшін және пантүркішіл, жапоншыл т.б. деген жалалы айыптаумен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне жөнелтіліп, он жылға соттайды. Сотталу жазасын Карелия мен Архангельск облысында, Беломорканалда өткізеді.
Бостандықта өткен күнді сағындым,
Желдей зулап кеткен күнді сағындым.
Жыл құсындай ұшсам, қонсам ерікті,
Ойдағыны еткен күнді сағындым.
Бұл – ақынның ауыр азап пен қорлықта түрмеде өткізген өмірінен хабар беретін шерлі жыры. Ақынның жары Зылиха соңынан барып, алуан мекемелерге арызданып жүріп жарының жазасын жеңілдетуге күш салады. Осы тұста Мәскеуде мырзақамақта отырған Әлихан Бөкейханов та Мағжанның босап шығуы үшін өзінің таныс-біліс адамдарға өтініш жолдап, ықпал етумен болады. Зылиха жарына жақын болу үшін Ленинградқа қоныстанып, оған медициналық орта білім бағдарламасын және қажетті оқу құралдарын жеткізіп беріп тұрады. Осының арқасында Мағжан фельдшерлік мамандық бойынша емтиханын сәтті тапсырып, мамандық иесі болады. Сөйтіп жазасын өтеу мерзімінде бірнеше лагерьдің арасындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің фельдшері болып жұмыс істейді.
Ақыры ұзақ уақыт бойы арызданудың нәтижесінде жары 1936 жылы Максим Горький мен әйелі Е.Пешковалардың араласуымен жаза мерзімі жеті жылға дейін қысқартылып, ақын бостандыққа шығып, 1937 жылы наурызда елге оралады.
...Жан аға! Шықтым өлімнен,
Халімді менің көрсейші.
Жаның нұрға көмілген,
Нұрыңнан ұшқын берсейші!..
Бұл - сан түрлі азап пен тозақты көріп оралған ақынның қарт жырау Жамбылға арнаған өлеңі екен.
Мағжан аудармашылықпен де шұғылданып, орыс ақын-жазушылары М.Лермонтов, А.Блок, М.Горькийдің шығармаларын, неміс әдебиетінің классиктері И.Гете мен Г.Гейненің поэмаларын қазақ тіліне тәржімалайды. Сталиндік зұлматтың әбден күшіне еніп, ұлттың сорпа бетіне шығарларын жаппай жалындай жалмай бастаған шағында бұл қанды қасаптан Мағжанның құтылуы тіпті мүмкін емес болатын. 1938 жылдың басында қайтадан қамауға алынып, 19 наурыз күні ату жазасына кесіледі. Мағжанның бұдан кейін де біраз жылдар өмір сүргені, Бауыржан Момышұлының 1948-жылы Сібірде көргенін, Абдулла Әбдірахманов деген ақсақал 1951 жылы Магаданда бірге болғанын айтып кеткенін есептесек, бұл – халқымыздың жақсысын өлімге қимастық көңілінен шығарған аңызы ма, әлде Мағжан аттас немесе Мағжан атын жамылған өзге адам ба деген ойлардың туындауы сөзсіз.
Күншығыстан таң келедi – мен келем,
Көк күңiренед: мен де көктей күңiренем.
Жердiң жүзiн қараңғылық қаптаған,
Жер жүзiне нұр беремiн, Күн берем! –
Ақынның өзі жырлағанындай, түнек артынан күн туып, егемендік таңы атар алдында есімі халқымен қайта қауышқан ақынынң отты жырлары тәуелсіз елінің жанын жылытып, өзі сенім білдірген жас өркен Мағжан есімін әрқашан азаттық ұранындай жаттап, ұрпақтан ұрпаққа жаңғырта бермек!
adebiportal.kz