$ 495.2  522.34  4.94

Тоқаев журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтады

Журналист – мәртебелі мамандық. 

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсіміндегі сөзі басталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Ең алдымен, баршаңызды Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Журналист – мәртебелі мамандық. Ол – ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы. Сондықтан біз медиа саласының мамандарына әрдайым зор құрметпен қараймыз.

Түптеп келгенде, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені, ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай.

Біздің мақсат-мұратымыз – ортақ. Бұл – баршаға тең мүмкіндіктер беретін Әділетті Қазақстанды құру. Мен бүгін медиа саласы мамандарының осы жолдағы қажырлы еңбектері үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Әлихан Бөкейхан «Газет-журнал шығаруға зор шеберлік керек» деп талап қойған. Бұл – бүкіл ақпарат саласына ортақ тұжырым. Жалпы, журналистер мемлекеттік саясатты халыққа түсіндіру ісінде айрықша рөл атқарады», - деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ мемлекет басшысы жуырда «Масс-медиа туралы» заңға қол қойғанын айтты.

«Ертең Парламенттің кезекті сессиясы аяқталады. Депутаттар маңызды оқиғалардың бел ортасында жүр. Сайлаушылармен тығыз жұмыс істеп жатыр. Олар өзекті мәселелерді көтеріп, қоғамдық пікірталасқа ұйытқы болып отыр. Халыққа қажет заңдарды қабылдау жөнінде бастамалар көтеруде. Осы сессияның өзінде елдің дамуына тікелей ықпал ететін 100-ден астам заң қабылданды.

Өздеріңізге мәлім, жуырда мен «Масс-медиа туралы» заңға қол қойдым. Өте маңызды құжат. Журналистердің мүддесі мен құқықтарын қорғау тетіктері күшейтілген деп айтуға болады. Бұл құжат еліміздегі масс-медианың әлеуетін арттыра түседі деп ойлаймын. Сондай-ақ ақпараттық дербестігімізді нығайтуға мүмкіндік береді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары