04.07.2024, 13:00

Елтаңбаны өзгерту мәселесі күн тәртібінен алынды – Мәдениет министрлігі

Фото: vlast.kz

Қаржы министрлігі ешқандай қосымша шығынға сұраныс келмегенін растады.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстанның елтаңбасын өзгерту мәселесі жақын арада қарастырылмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Мәселе күн тәртібінен шығарылды», - деді Мәдениет министрлігі елтаңбаны өзгерту мәселесін талқылау барысы туралы Үкіметтің ресми сауалына жауап ретінде.

Еске сала кетейік, кей қоғам белсенділері «Қазақстанның Елтаңбасын қабылдау тым қиын және оның құрамында «кеңес дәуірінің эклектикасы мен белгілері бар» деген пікірді алға сүйреп, оны өзгертуді ұсынған еді.

15 наурызда өткен Ұлттық Құрылтай отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынысты ескеру керегін айтқан болатын.

Ол қоғамдық талқылаулар өткізу үшін арнайы комиссия құруды, содан кейін Қазақстанның жаңа мемлекеттік елтаңбасының ең үздік эскизіне ашық конкурс жариялауды ұсынған еді.

Сәуір айының басында қаржы министрі Мәди Тәкиев су тасқынына байланысты елтаңбаны өзгерту туралы шешімді кейінге қалдыру керек деген пікір білдірді.

Сондай-ақ Қаржы министрлігі Vlast.kz басылымының сауалына:

«Мәдениет министрлігі жаңа елтаңба шығару үшін ешқандай қосымша шығынға сұраныс жібермеді», - деп жауап берген.

 

Тегтер: елтаңба