04.07.2024, 16:40

Криштиану Роналду ауыр дертке шалдыққан баланың арманын орындады

Фото: twitter.com/24haberrr

Сіз менің ұлыма көмектесіп, оны қатты қуанттыңыз.

Әйгілі португалиялық футболшы Криштиану Роналду қатерлі ісікке шалдыққан Авар есімді баланың арманын орындады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.

Дереккөздің жазуынша, 4 жастағы Авар Вецларда (Германия) тұрады. Оның отбасы баланың дертін емдету үшін 2023 жылы Сириядан Германияға қашып келген. Алайда Авардың қатерлі ісігі тым ұлғайып кетіпті.

Авар футболды жақсы көреді және Роналдумен кездесуді армандаған. Баланың арманы Германияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатында орындалды. Авар мен оның әкесі Франкфурттағы (Германия) стадионда Роналдумен кездесті. Португалиялық футболшы 4 жастағы жанкүйерімен суретке түсіп, оның кепкасына, футболкасына және добына қолтаңба қойып берді.

"Сіз менің ұлыма көмектесіп, оны қатты қуанттыңыз. Сізге және командаңызға сәттілік тілеймін. Көп рақмет", - деді Авардың әкесі.

Айта кетейік, Роналду бастаған Португалия құрамасы қазір Германиядағы Еуропа чемпионатына қатысып жатыр.