07.07.2024, 19:30

Билет - тапшы, вагон - лас. ҚТЖ мәселемен қалай күресіп жатыр

Фото: ҚТЖ баспасөз қызметі

2024 жылы 1 қаңтардан бастап билет бағасы 7 пайызға өсті.

Жаз. Жолаушылар тасымалы шарықтау шегіне жеткен кез. Пойыздарға билет табу мәселесі «күйіп» тұр, барлық бағытқа билет деген қасқалдақтың қанындай тапшы, болса да алыпсатарлар қолында, бағасы шарықтап кеткен. Билет табылса да вагондардың жағдайы көңіл көншітпейді Skifnews.kz ақпарат порталы осы билет дауы және тозығы жеткен вагондар төңірегіндегі әңгіменің ақиқатын анықтап, шындығына көз жеткізбек.

Ақтөбе – Алматы пойызының жолаушылары пойызды төсек қандалалары басып кеткенін айтып шағымданды

 

Әлеуметтік желіде Ақтөбе – Алматы бағытындағы пойыздағы антисанитариялық жағдайға шағымданған қазақстандық әйел төсектегі қандалалардың суреттерін бөлісті. Жазба авторы жол бойы ұйықтай алмағанын айтады.

"Денемдегі қандала тістеген жерлер әлі қышиды. Бұл төсек қандалалары. Олар аурудың тасымалдаушысы болуы мүмкін, содан кейін заттардың арасына түсіп, үйге көшуі мүмкін. СЭС пен әкімшілік қайда қарап отыр? Біз не үшін ақша төлейміз? Түні бойы ұйықтамадық" – делінген желідегі жазбада. 

Көліктегі бас санитар вагондарда санитарлық нормалар сақталмаған жағдайда суретке түсіріп, оның Whats App нөміріне жіберуге болатынын айтты. Ал, ескі вагондардағы желдеткіштің жоқ екенін бұрынғы талаптарда бұл нормалар қаралмай, құрастырған зауыттар кондиционер орнатпағанын жеткізді.

"20-30 жылдан бері жүріп келе жатқан пойыздар бар. Ол кезде вагонды құрастырушы зауыт желдеткіш орнатпады. Біз ревизия жасаған кезде автовокзал, теміржол вокзалдарында желдету, фильтрлеуді талап еттік. Тиісінше, көлікті құрастырған зауыт кондиционер қоймағандықтан, желдеткіш жүйесіне мән беріледі. Тасымалдаушыларға осы олқылықтардың орнын толтыруға уақыт берілді. Иә, автобустар мен вагондар санитарлық нормаларға сай емес болған фактілерді өзім де көрдім. Ондайлар болды. Кез келген уақытта қоңырау шалып, шағым айтуға болады. Бізде де мобильді топ бар. Оның құрамында санитарлық-карантиндік пунктің қызметкерлері мен көліктегі полиция өкілдері бар. Содан соң тиісті шара қабылданады. Тіпті, вагондардың жұмысын тоқтатуға дейін барамыз", - деді бас санитар.

Өткен жылдың тамыз айында азамат К. өзінің кәмелетке толмаған қызымен бірге «Атырау-Ақтөбе» бағыты бойынша пойызға теміржол билеттерін сатып алған. Вагонға отырғаннан кейін жолаушылар вагонның антисанитариялық жағдайда екенін, яғни лас, шаң, жуынуға арналған крандардан лас су ағып жатқанын анықтаған. Орындарды ауыстыру немесе басқа вагонға орналастыру туралы өтінішті қанағаттандырудан вагон бригадиры бас тартқан.

Талап қоюшы полиция қызметкерлерін шақырды, олар вагондағы санитариялық кемшіліктердің фото, видеожазбаларын түсіріп алып кеткен. Өзінің және кәмелетке толмаған қызы лас сумен жуынуына және пайдалануына, лас вагонда ұйықтауына тура келгенін, олардың денсаулығына қауіп төнгенін көрсете келе, соттан билет құнын қайтаруды және моральдық залалды өндіруді сұрады.

Соттың шешімімен жауапкерден жолаушылардың пайдасына 100 000 теңге моральдық зиян және 200 000 теңге өкілдің көмегіне жұмсалған шығыны өндірілді.

 

Вагон ластығынан бөлек билет тапшылығы да ел тұрғындарының жиі ұшырасатын мәселесіне айналды. Осы жазда теміржол арқылы 4 млн-нан астам жолаушы тасымалданады деп болжанып отыр. Бұл былтырғыдан 400 мың адамға көбірек. Демек билет тапшылығы одан бетер өршуі мүмкін. Себебі онсыз да пойыз құрамдарына вагон жетіспейді.

"Билет тапшылығы ол – вагонның жетіспеушілігіне байланысты. Біз 2022 жылы 68 вагон сатып алсақ, 2023 жылы – 113 вагон сатып алдық, биыл 140 вагон сатып алу жоспарлануда. Ал келесі жылы 224 вагон жоспарлануда. Осының барлығы осы мәселені біртіндеп шешіп келе жатыр, -  дейді ҚР КМ Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Нұржан Келбұғанов.

Оның үстіне негізгі курорттық аймақ саналатын Алакөлге тұрақты жүретін 4 пойызға қоса, 15 маусымнан бастап тағы 8 пойыз қосылды.

Ұшақ – қымбат, пойыз – тапшы. Туристердің көпшілігіне Алакөлге тас жолмен шаңдатып барып-қайтуға тура келетін сияқты. Әлде сол ақшаға шетелге жөңкіле ме? 

ҚТЖ-ның ресми өкілі Нариман Дүйсекеев қазіргі таңда мәселе қалай шешіліп жатқанын айтты.

"Билеттер жеткіліксіз болса, күту парағы қызметінің жүйесі бар. Локомотив паркіне 2141 вагон жетіспейді. Мұны шешу үшін вагондарды жаңартып жатырмыз. 2023 жылы қазақстандық "ЗИКСТО" зауытынан 94 жаңа вагон алдық. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында ұлттық тасымалдаушыға тағы 60-қа жуық жаңа вагон жеткізуді жоспарлап отырмыз. Онымен қоса, 2025-2030 жылдар аралығында тағы 537 жоғары технологиялық Stadler вагондарын жеткізу жоспарланып отыр", - деді ол. 

2024 жылы 1 қаңтардан бастап билет бағасы 7 пайызға өсті.

"Билет бағасы жыл сайын индекстеліп отырады. Бізде оны реттеп отыратын уәкілетті орган бар. Көбіне инфляциялық ахуалға байланысты өседі", - дейді Нариман Дүйсекеев.

Соңғы төрт жылда теміржол саласын дамытуға шамамен 2 трлн теңге, соның ішінде бюджет қаражаты есебінен 332 млрд теңге жұмсалған.

Қомақты қаражат бөлінгеніне қарамастан, теміржол желілері, локомотивтер, вагондар әбден тозған.

"Кезінде өзін-өзі қамтамасыз еткен компания тиімсіз және консервативті басқару, мемлекет иелігінен дұрыс ойластырылмай шығару салдарынан бүгінде әрең күн көруде. Барлық табысы жоғары қызметтер меншік компаниялардың қолына берілген. ҚТЖ-ның айналасындағы артық делдалдарға ыңғайлы жағдай жасалып, сатып алынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің құнын 80 млрд астам теңгеге көтерген", – деді Әлихан Смайылов.

Мәселен, 2018 жылдан бері жеке тасымалдаушылардың магистральдық теміржол желісіне қол жеткізуі жөніндегі пилоттық жоба күткен нәтижені бермеді және ҚТЖ табыстарының айтарлықтай азаюына әкеп соқты.

Бүгінде ҚТЖ өз міндеттемелерін толық төлеуге қабілеті жоқ және кредиттік тәуекелдің "қызыл" аймағында тұр. Оның борышы 2024 жылдың басында 2,9 трлн теңгені құрады және әлі де өсуде. Жалпы борыштың 45%-ы немесе 1,3 трлн теңгесі бұрын алынған борыштық міндеттемелерді қайта қаржыландыруға бағытталған.

Тегтер: вагон ҚТЖ билет