Сорақысы, мекеме қызметкерлері болған жағдай туралы баланың ата-анасына ешетеңе айтпаған.
Павлодардағы жекеменшік балабақшалардың бірінде үш қабатты кереует 2 жасар баланың үстіне құлап кетті. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы 31-арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Төсектің баланың үстіне құлаған сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Видеодан үш бүлдіршіннің кереуетке шығуға талпынып жатқанын көруге болады. Тербеліп тұрған төсек баланың үстіне құлап кетті. Жиһаздың астында қалған бүлдіршіннің иығы сынып, жарақат алды.
Тәрбиеші ойыншықтарды жинап жүріп, балаларды назардан тыс қалдырған. Сорақысы, мекеме қызметкерлері болған жағдай туралы баланың ата-анасына ешетеңе айтпаған. Анасы ұлының жарақаты туралы кездейсоқ білген. Сөйтіп полицияға шағым түсірген.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Білім басқармасының өкілдерінің айтуынша, міндетін тиісінше атқармаған тәрбиешінің мәселесі сотта қаралады.