14.07.2024, 06:30

«Осыдан кейін қалай жібереді»: Сарбаздардың еті - менікі, сүйегі - сіздердікі деген полковник жұрттың ашуына тиді

Фото: видеодан кадр

Видеодан командирдің бұл сөзі ата-аналарға ұнамай қалғанын байқауға болады.

Өзін 35 - десанттық шабуылдау бригадасының командирімін деп таныстырған Бейбіт Аманкалиевтың әскери борышын өтеуге барған сарбаздардың ата-аналарына айтқан сөзі желіде қызу талқылануда. «Сарбаздардың еті - менікі» деген Гвардия полковнигінің басы дауға қалған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Гвардия полковникінигі, 35 - десанттық шабуылдау бригадасының командирі Аманкалиев Бейбіт Бүркітбайұлымын. Сіздердің балаларыңыздың бір жылға әкесі де, шешесі де менмін. Екінші әңгіме, қазақта мақал бар ғой, балаларыңыздың еті - менікі де, сүйегі - сіздердікі», — дейді командир.

Видеодан командирдің бұл сөзі ата-аналарға ұнамай қалғанын байқауға болады. Желі қолданушылары да полковниктің бұл мақалы орынсыз болғанын жарыса жазып жатыр.

«Онсыз да сүйектерін алып жатыр ғой, осыдан кейін қалай жібереді», «Бала әскери борышын өтеуге барды, ол боксердың грушасы емес», «Ұялмай не айтып тұр», «Халық үндемей қалды ғой, түсінбей қалған сияқты», «Жандарын алып, сүйектерін береміз дегені ғой», «Қорқынышты қылып айтты ғой», — деп жазды олар.