«Алтын адам» жобасы бойынша 88 миллион теңге қарызы бар екенін растап отыр.
Бір жылдан бері еңбекақыларын ала алмай сабылып жүрген «Қазақфильм» киностудиясының қызметкерлері шу шығарды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Анимация бөлімінің мамандары сан түрлі мультфильм жасап шығарған. Айтуларынша, соның ақысы, яғни бақандай 500 миллион теңге әлі берілмепті. Наразы қызметкерлер кейін басшылық анимация бөлімін жауып тастады деп отыр. Аты дардай «Қазақфильм» киностудиясының алдында басшылықты шақырып, шулап жүргендер мультфильм жасаумен айналысады.
Отандық анимацияның заман талабына сай дамуының орнына, тежеліп жатқанына қапалы. Өйткені күндіз-түні маңдай терін төгіп жүрген мамандар өзіне тиесілі еңбекақысын ала алмай сенделіп жүр.
«Алтын адам» жобасында былтыр тамыз айынан бері біздің ұжым — суретшілер, аниматорлар еңбекақысын ала алмай келе жатыр. Мұнда 5 миллионнан бастап, 3 миллионға дейін жұмыс істеген мамандар бар. Алатын жұмысымыздың ақшасы осы бір жерде ғана. Біз сыртта жұмыс істемейміз. Еңбекақымызды берсін. Бұл жерде бәрімізде келісімшарт бар. Заңды түрде істегенбіз. Қағаз бар. Бір тиынымызды қалдырмай төлесін, - деді Жанәділ Байдарбеков, анимация бөлімінің қызметкері.
Аниматорлардың қара терге батып бірнеше жыл бойы істеген туындыларының бірі — «Алтын адам» атты толық метрлі мульт жобасы былтыр толық аяқталыпты. Бірақ мемлекеттен бөлінген тиісті қаражат әлі күнге дейін қызметкерлерге берілмеген.
Еңбекақысын күте-күте қарызға белшесінен батқан өнер адамдары бұл былықты басшылықтың ұйымдастырып отырғанына сенімді.
Түрме сияқты. Темір тормен қоршалған бәрі. Мұнда түрменің ,бүкіл «пахандық» режимі орнады. Кеше сақшылары келіп, мына жастарды қуып шығып, неше түрлі жала жауып, анимацияны жауып қойып, түрмедегідей «шмон» жасап жатыр. Бұл бандиттік шабуыл деп бағалау керек. Азамат Сатыбалдының өзі рөлді ойнап жүр. Бірақ кімнің рөлін ойнап жүргенін білмейді. Қазір Азамат Сатыбалдыны ,«Қазақфильмнің» президентін тура осы жерге шақырып, жауап беруін талап етеміз, - деді Ерлан Төлеутай, анимация бөлімінің редакторы.
Азамат Сатыбалды азаматтық танытып, алдына шығудың орнына, жоқ болды. Қол астындағы қызметкерлерінің талап-тілегіне басын қатырғысы келмейтін сыңайлы. Өзі шықпады. Қоңырауға да жауап қатпады.
Оның орнына орынбасары келді. «Алтын адам» жобасы бойынша 88 миллион теңге қарызы бар екенін растап отыр. Бірақ оның жауабы жұрттың көңілін көншітпеді.
«Алтын адам» жобасы бойынша жағдай былай. Бізде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталғымен келісімшарт болды. Олар мультфильмге 2020 жылы тапсырыс берген. Біз туындыны 100 пайыз жасап жібергенбіз. Бірақ тапсырыс беруші қабылдамады. Қазір осыған қатысты сот ісі жүріп жатыр, - деді Айдар Омаров, «Қазақфильм» киностудиясының вице-президенті.
Толықметраж мультипликаци жобасына тапсырыс беріп, кейін қабылдамай қойған Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына да шығып көрдік.
Қандай негізге сүйеніп кейін қайтарып жібергенін білгіміз келіп еді, олар жауап бермеді. Жобаның кемшілігі көп болды ма, әлде екі мекеме басшыларының арасындағы текетірес себеп пе? Бұл да белгісіз.
Дереккөз: ktk.kz