Үйлерде электр жарығы өшіп, 219 үй мен 2 әлеуметтік нысан газдан ажыраған.
Кеше, 17 шілде күні кешке Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты Бетқайнар ауылында толассыз жауған жаңбырдың арты селге ұласып, 700-ге жуық мал басын су ағызып кеткен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі ресми ақпарат таратып отыр. Жамбыл облысы әкімдігінің ресми сайтында хабарланғандай, су таулы жерлерден аққан.
Ауылдағы «Береке» шаруа қожалығындағы 671 бас ұсақ мал мен 10 бас жылқыны су ағызып әкеткен.
Әкімдіктің ақпаратына сүйенсек, ағын су салдарынан «Соғанды-Бетқайнар» автожолындағы көпір бүлінген. Үйлерде электр жарығы өшіп, 219 үй мен 2 әлеуметтік нысан газдан ажыраған.
«Қатты жел салдарынан 18 жастағы тұрғынға ескі сарайдың қабырғасы құлағаны анықталды. Ол аудандық ауруханаға жатқызылды», - деп хабарлады әкімдік.
Қордай ауданындағы жағдай Жамбыл облысы әкімінің жеке бақылауында.