Ведомство немересін зорлап кеткені туралы бір әженің шағымы түскенін растады.
Заңгер Ләззат Рақышева әлеуметтік желіде 12 жастағы қыздың зорланғанын, алайда Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының полиция қызметкерлері қылмыстық істі екі мәрте қысқартып, тергеу жұмысына кедергі келтіріп жатқаны туралы жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Stan.kz тілшісі заңгердің жазбасына қатысты Шымкенттің полиция департаментінен пікір сұрады.
Ләззат Рақышеваның жазбасында тергеушілер жәбір көрген қыздың зорлықшымен сөйлескен әңгімесін өшіріп тастағаны жазылған. Осылайша айғақты жойған. Ол кәмелет жасқа толмағандардың арыз-шағымына қатысты хат жазып, президент жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат бойынша Ұлттық комиссияға, балалар омбудсменіне және бас прокуратураға жолдаған.
Жуырда бас прокуратурадан хабарласты. Олар полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігін шешіп, әділдік орнатудың орнына, “Не себепті шулатып, жан-жаққа хат жазасыз?” деп бізге шүйлігіп отыр, – деп жазды заңгер.
Оның бұл жазбасына қатысты Шымкент қаласының полиция департаменті жауап берді. Ведомство 2022 жылы ақпан айында немересін зорлап кеткені туралы бір әженің шағымы түскенін растады.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық қажет тергеу шаралары, оның ішінде сот-медициналық сараптама жүргізілді. Сараптама қорытындысына сәйкес, арызданушылардың айтқандары расталмады. Прокуратурамен келісе отырып, қылмыстың болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды, – деп жауап берді полиция департаменті.