Денистің қазасынан соң оған арналған түрлі іс-шаралар өткізіліп, Алматыда ескерткіш бой көтерді. Оның атындағы турнир Халықаралық коньки спорты түрлері федерациясының (ISU) күнтізбесіне енді.
Бүгін мәнерлеп сырғанаудан Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада жүлдегері, даңқты спортшы әрі еліміздің мақтанышы Денис Теннің өмірден озғанына 6 жыл толды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қазақ елінің атын әлемге танытқан спортшы 25 жасында қаскөйлер қолынан қаза тауып, мәңгілік сапарына аттанған еді. Қыршын кеткен спортшының артында жоқтаушы жанкүйері мен қалың қазақ елі қалды.
Фото: instagram.com/tenis_den
Осыдан тура алты жыл Денис Теннің ауыр жараланып, жансақтау бөліміне түскені туралы суыт хабар лезде тарап кетті. Елімізде ғана емес, шетелдерде де кеңінен танылып үлгерген Денистің бар әлемдегі жанкүйері оның амандығы үшін дұға тілеген еді. Өкінішке қарай, Денисті ажалдан арашалау мүмкін болмады. Танымал спортшы автокөлік ұрылары жұмсаған пышақ соққысынан үш литр қан жоғалтып, түскі сағат 15:00-ден өте көз жұмды. Бұл қазақ спорты ғана емес, мәнерлеп сырғанау әлеміндегі орны толмас қаза болатын.
Денистің қазасы ешкімді де бей-жай қалдырған жоқ. Барша Қазақстан халқы намысты ұлынан айырылып, қайғыдан қан жұтса, әлемнің әр түкпіріндегі жанкүйер танымал спортшыдан көз жазып қалғанына өкінді. Себебі, Денис өзінің екі мүшелдік өмірінде көпшілік жүрегінен орын алып үлгерген еді.
Денис Тен 1993 жылы Алматыда дүниеге келіп, өзінің сүйікті қаласында мәнерлеп сырғанаумен шұғылдана бастады. Спорттың бұл түрінен бай тарихы мен сырғанайтын мұз айдыны болмаса да, кішкентай Денис өз арманына бас тартпады. Сауда орталықтарындағы алақандай мұз айдында жаттығып, кейін шетелдік мамандардың көзіне түсе бастады. Талантты Денисті Ресейдің танымал бапкерлері өз қамқорлығына алып, әйгілі Татьяна Тарасова, Елена Буяновалар жол көрсетті. Кейін әйгілі америкалық бапкер Фрэнк Кэрролдан тәлім алып, әлемдік жарыстарда жүлде салды.
Денис әлемдік деңгейдегі алғашқы жүлдесін 2013 жылы жеңіп алды. Сол жылы Канаданың Лондон қаласында өткен әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Патрик Чанға ғана есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды.
2014 жылы Сочи Олимпиадасында Қазақстан қоржынына жалғыз жүлдені салған да Денис еді. Төртжылдық додасында талантты спортшы үздік үштікке еніп, мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада жүлдегері атанған тұңғыш қазақстандық спортшы ретінде тарихта қалды.
2015 жыл да Денис үшін жеміссіз болған жоқ. Қытайдың Шанхай қаласында өткен әлемдік додада ол қола жүлдеге қол созып, өзінің әлемдік деңгейдегі спортшы екенін тағы бір дәлелдеді.
Кейін Дениске жарақаты жолбайлау болып, біраз додаларда жүлдегер қатарына іліге алмады. Десе де, 2017 жылғы Универсиада ойындарында топ жарып, 2018 жылғы Пхенчхан Олимпиадасына жарақатына қарамастан қатысты.
Пхенчхан үш бірдей олимпиадалық циклде өнер көрсеткен Денистің соңғы Олимпиадасы еді... Талантты спортшы 2018 жылдың 19 шілдесі күні автокөлік ұрыларының қолынан көз жұмды.
Денистің қазасынан соң оған арналған түрлі іс-шаралар өткізіліп, Алматыда ескерткіш бой көтерді. Оның атындағы турнир Халықаралық коньки спорты түрлері федерациясының (ISU) күнтізбесіне енді.
20 шілде күні Алматыда Қазақстан және әлем жұлдыздарының қатысуымен «Денис Тен және оның достары» атты мұзды шоу өтеді.