$ 494.87  520.65  4.91

Орал әкімі қызметінен кеткенін жария етті

Ақпарат бүгін Instagram желісіндегі ресми парақшасында шықты.

Фото:  Орал қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: Орал қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Орал қаласының әкімі Мейіржан Сатқанов қала тұрғындарына үндеу жариялап, неліктен кетуге шешім қабылдағанын түсіндірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қала басшысы мәлімдемесін бүгін, яғни 22 шілде күні Instagram желісіндегі ресми парақшасында жариялады.

Бүгін Орал қаласының әкімі қызметінен кеткенімді хабарлаймын. Мен үшін бұл қызметте екі жылдан астам оралдықтармен қоян-қолтық жұмыс жасау үлкен мәртебе болғанын айтқым келеді. Денсаулығым сыр беріп, қызметтен бұдан бұрын кетуді ойлап жүргенмін. Алайда көктемде қаламызда су тасқыны орын алып, мұндай қиын кезеңде жұмыстан шыға алмадым. Осылайша өз міндеттерімді әріптестеріммен бірге жалғастыра бердім, - деп бастады сөзін Сатқанов.

Ол әрі қарай әкімдікте барлық бағыттар бойынша жұмыс жолға қойылғанын сеніммен айтты.

Біз барша оралдықтармен бірге үлкен жұмыс жасадық деп ойлаймын. Тек көктемгі су тасқынымен күресіп, оның салдарымен айналысқан кезде ғана емес, сонымен бірге екі жыл бойы сүйікті қаламызды одан әрі көркейтуге тырыстық. Бұл - туған жеріне жанашыр әр азаматтың өлшеусіз еңбегі. Қазір барлық салаларда жұмыс жолға қойылған. Жаңадан тағайындалатын қала әкімі ағымдағы жағдайды жедел түсініп, жұмысты жүйелі жалғастыратынына, ал болашақта шаһарымыз үшін жаңа жобаларға бастамашы болатынына сенемін. Оның үстіне, сіз, менің қымбатты жерлестерім, оң бастамаларды әрдайым қолдауға дайынсыздар.

Әріптестеріме және құрметті оралдықтарға сенім білдіргеніңіз үшін алғыс айтамын, деп сөзін аяқтады.

Сатқанов әкім болып 2022 жылдың 26 ​​сәуірінде тағайындалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары