Қаладағы сұйық отын талонмен беріліп жатыр. Басым көпшілігінде күндік норма бекітілген. Сондықтан шаһарды шарлап газ таппаған жүргізушілер қала сыртындағы бекеттерге баруға мәжбүр.
Қаладағы сұйық отын талонмен беріліп жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Almaty.tv мәліметінше, тараздық жүргізушілер автогазды қала сыртынан іздеп жүр. Қала ішіндегі жанармай бекеттерінде сұйық отын арнайы талонмен ғана сатылып жатыр.
Таразда сұйық отынның тапшылығы 1 айдан бері сезіліп келеді. Сондықтан автокөлік иелері таңмен таласып автогазға кезекке тұруды әдетке айналдырған. Бірақ газ бәріне бірдей жете бермейді. Салдарынан бекеттер алды жанжал орнына айналған.
«Сен неге маған құймайсың?» деп ұрып кетеді. Бізде де талап бар. Газ түске дейін бітіп қалып жатыр», – деді автогаз бекетінің операторы Серік Салықбаев.
Қаладағы сұйық отын талонмен беріліп жатыр. Басым көпшілігінде күндік норма бекітілген. Сондықтан шаһарды шарлап газ таппаған жүргізушілер қала сыртындағы бекеттерге баруға мәжбүр.
«Бір жарым сағаттан бері тұрмын. Басқа жерде жоқ, талонмен береді немесе лимит қойылады. Тек осында газ болса, құйып беріп жатыр», – деді көлік жүргізушісі Қадірбек Орынбасар.
Жамбыл облысына сұйытылған көгілдір отын Ақтөбе және Петропавлдағы компаниялардан келеді. Мәселеге қатысты мәлімдеме жасаған елдің Энергетика министрлігі «зауыттар бекітілген кестеге сай, кезекпен жөндеуге тоқтатылады. Сондықтан жаз мезгілінде газ тапшылығы туындады» деді. Аймаққа қосымша автогаз берілмек. Бірақ облыстық жауапты басқарма мамандарының айтуынша, бұл негізгі мәселені шешпейді.
«Облысқа 5600 тонна газ бөлінген, бірақ бұл мөлшер өңірді толық қамтамасыз ете алмайды. Себебі ай сайын 8000-8500 тонна газ керек. Салалық министрлікке қосымша газдың көлемін арттыру үшін хат жолдадық», – деді Жамбыл облысы Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы Қазбек Қыдыров.
Жамбыл облысында жыл санап газбен жүретін көлік саны артып келеді. 2022 жылы 21 мың көлік болса, былтыр бұл көрсеткіш 30 мыңға жуықтаған. Сол себепті өндіріс көлемін ұлғайту керек. Ал мәселені түбегейлі шешуге жаңа мұнай-өңдеу зауытын салу ғана сеп болмақ.