Сот отырысында тек қана қымыз ішкенін көрсеткен.
Қостанайдың бас имамы Тәжімбет Бахытбек Нұрғабылұлы 15 тәулікке қамалды және 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ол Бурабайдағы түнгі клубтардың бірінен жанында масаң күйде көлігін айдап бара жатқанда ұсталған.
Тәжімбет Бахытбек Нұрғабылұлы Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылсын, оған осы бап бойынша 15 (он бес) тәулікке қамаққа алу және 7 (жеті) жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалсын.Қамаққа алу уақыты 2024 жылғы 23 шілде сәуір сағат 16:53 минуттан бастап есептелсін, – деп жазылған қаулыда.
Оқиға 23 шілдеде болған. Тәжімбет Бурабай кенті Кенесары көшесі "Регион 03" клубтың қасында Toyota Highlander автокөлігін алкогольдік масаң күйінде басқарған. Бірақ ол сот отырысында өз кінәсін мойындамай, алкогольдік ішімдіктерді ішпегенін, тек қана қымыз ішкенін көрсеткен. Бірақ сот отырысында зертелген бейнежазба бойынша, мас болу фактісін анықтау үшін медициналық куәландыру жасаған кезде дерігер қойған сұраққа Тәжімбет сыра іштім деп жауап берген.
Сот, Б.Н. Тәжімбетке әкімшілік жаза қолдану кезінде оның жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлардың жоқ екендігін, ал жауаптығын ауырлататын мән-жай ретінде, оның алкогольдік масаң күйде болуы деп, оның жеке басының, құқық бұзушылықтың айналасындағыларға қоғамдық қауіптілігін, азаматтардың денсаулығымен жол жүрісі қауіпсіздігіне қауіп тудыратындығын, сонымен қатар аталған құқық бұзушылық үшін балама жазаның жоқтығын ескере отырып, оған әкімшілік жаза ретінде қамаққа алу және көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасын тағайындау қажет деп есептейді, – деп жазылған сот қаулысында.
Бір айта кетерлігі, ҚМДБ, яғни мүфтият өзінің ресми сайтында осы бас имам туралы ақпаратты жедел өшіріп тастаған.