Өз балаң өзекке тепсең де кетпейді. Қазақстан үшін тек Токио Олимпиадасына ғана қатысты, бірақ жүлде алмады.
Әлемнің төртінші ракеткасы атанған Елена Рыбакина 2018 жылы Ресейдің азаматтығынан шығып, Қазақстанның азаматтығын алған. Ол Қазақстанның өзіне сенім артып, бүкіл жағдайын жасап отырғанын айтқан еді сол кезде. Бірақ спортшы өзіне сенім білдірген елдің намысын қорғау үшін Олимпиада ойындарына барудан шеткері қалып отыр. Теннис Федерациясы бұны Рыбакинаның жедел бронхит деген диагнозымен байланыстырып отыр, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
Спорт журналисі Бек Төлеуовтің сөзінше, бұл теннисшінің Қазақстан атынан топтық жарыстарға түсуден бірінші рет бас тартуы емес.
«Рыбакина осымен үшінші рет бізді ыңғайсыз жағдайға қалдырып отыр. Қазақстан үшін тек Токио Олимпиадасына ғана қатысты, бірақ жүлде алмады. Ал Азия ойындары мен командалық Billie Jean King Cup жарысына қатыспады. Сол кезде де денсаулық жағдайына байланысты екенін айтқан. Рыбакина тек қаржысы көп, рейтингте ұпай беретін жарыстарға қатысты. Қазақстан атынан командалық жарыстарға қатыспайды. Енді, міне, Париж олимпиадасының жеребесі тартылғаннан кейін бас тартып отыр. Ол топырақ төсеніште онша ойнай алмайды. Менің ойымша, жеребені көрді де қиындау екенін түсінді. Қазақстанда медаль әкелсе ғана оған 250 мың доллар сыйақы тағайындалған ғой, медаль әкелмесе ақша болмайды. Ол тәуекелге баруға дайын болмады», - дейді журналист.
Рыбакина бір апта бұрын ғана өзінің Түркиядағы демалысынан әлеуметтік желісіне фотолар жүктеген. Бірақ, кейін белгісіз себептерге байланысты ол суреттерін өшірген.
Енді Париж жазғы ойындарына жеребе тасталғаннан кейін жарысқа барудан бас тартқан Рыбакинаның 6 тамызда Канада өтетін беделді турнирге қатысатыны белгілі болып отыр.
Tennis.com басылымы спортшының бұған дейін Олимпиададан өзге Индиан-Уэллс, Рим, Истборндағы жарыстардан бас тартқанын хабарлай келе, оның 6 тамызда Торонтода өтетін National Bank Open турниріне қатысуды жоспарлап отырғанын жазған.
«Солтүстік Амрикада бірнеше турнирлер болады. Соларға қатысады деп ойлаймын. Теннисте қаржысы да көп, беделі де жоғары 4 ірі турнир бар. Біріншісі, қаңтар айында Австарлияда болады, екіншісі, маусымда Францияда, үшіншісі шілдеде Англияда өтті. Енді төртіншісі тамыз айының соңында АҚШ-та болады. Рыбакина соңғысына қатысады деп ойлаймын.
Рыбакинадан патриоттықты талап ету дұрыс па, бұрыс па білмеймін. Басшылар сырттан әкелген легионерлердің сын сағатта «лақтырып» кететінін түсінген шығар. Өз балаң өзекке тепсең де кетпейді. Жалдамалы әскер ешқашан жеңіс әпермейді. Бұл бір сабақ болған шығар», - деді Бек Төлеуов.
Қазақстан азаматтығын алған Елена Рыбакина 2022 жылы Уимблдонның ең жас чемпионы атанып, 2 млн фунт стерлинг (2.6 млн АҚШ доллары) ұтты. Бұл жылы Ресей Украинадағы соғысы үшін жарыстан шеттетілген болатын.