Тұтас 12 жылда төмендемей, бір Олимпиададан бір Олимпиадаға оза шапқан Елдостың тұқымы асыл екен.
Белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбаев Олимпиада чемпионы Елдос Сметовке материалдық дүние сыйлай бергенді тоқтату керек деп есептейді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Елдос Сметов Олимпиада алтынын жеңіп алғаннан кейін елдегі ірі кәсіпкерлер оған үйір-үйір жылқы, қымбат автокөліктер сыйлайтынын мәлімдеген еді.
"Сабыр, ағайын! 100 жылқы, 100 машина сыйланған Бекзат Саттархановты ұмытпаңдар. Байлықтан кенде болмас Елдосжан. Ең алдымен, Алла алтыннан қымбат ақыл сыйласын. Жаратушы бір жанға аздық етпес ұзақ ғұмыр сыйласын. Мен білетін бір тоқтам: елдоста 30 ұл мен 40 қыз болуы керек. Мұндай асыл жігіттің ұрпағы мол болуға тиіс. Ұлттың байлығы сол болар… Қазақ мұны "тұқым алу керек" дейді. Тұтас 12 жылда төмендемей, бір Олимпиададан бір Олимпиадаға оза шапқан Елдостың тұқымы асыл екен. Енді сол байлықты сақтау керек қазақ үшін. Мал байлық емес, ұрпақ байлық. Машина мінгізіп мұратына жеткізбейміз. Халық болып қоршап, ел болып енші бөліп, жұрт болып жолына құрбан шалсақ қана алтын ұлды сақтай аламыз", - деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Елдос Сметов соңғы үш Олимпиада ойындарына қатысып, бәрінде жүлде алды. 2016 жылы Риода күміс жүлде жеңіп алса, 2020 жылғы Токио Олимпиадасын қола жүлдемен аяқтады. Ал, күні кеше Париждің алтынын мойнына таққан болатын.