$ 494.87  520.65  4.91

Астанада велосипед жолдарының үш түрін жасау жоспарланған

Астанада велосипедшілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында кешенді жұмыстар атқарылуда. Осыған байланысты қаладағы жол белгілері жүйесі мен жол инфрақұрылымына өзгерістер енгізілетін болады, деп хабарлайды skifnews.kz.

Қала әкімдігінің ресми сайтының хабаралауынша, аталмыш жұмыс барысында велосипед жолдарының үш түрін жасау жоспарланған. Бұл тек велосипедшілердің қозғалысына арналған жеке жол; жалпылай пайдаланылатын жол құрамындағы жүргіншілер жолынан белгімен бөлінген веложол және тротуар құрамындағы белгімен бөлінген веложол.

— Бұған дейін Ильинка елді-мекеніндегі Қорғалжың тас жолының сол жағындағы Березовая роща бойында жабын төселген веложол пайдалануға берілген. Ол ені 3,5 метрді құрайтын 3 және 1 шақырым екі айналмадан тұрады. Сонымен қатар велосипед спортымен шұғылданатындар және қызығушылар Орталық саябақтағы жарықтандырылған және асфальтталған шаңғыроллер тас жолын пайдалана алады, — дейді Астана қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Сымбат Мырзағұлов.

Сонымен бірге, астаналық басқарма өкілі мәлімдегендей, қазіргі таңда велосипедшілер үшін қалалық тротуар құрамына Тұран даңғылы бойындағы Жәнібек пен Керей хандарынан Достық көшесіне дейінгі аймақта 1,5 шақырым жол төселді. Ал жыл соңына дейін тағы 10,5 шақырым жол пайдалануға берілмек.

Жоспарға сәйкес, веложол ұзындығы 74 шақырымға дейін жеткізілмек. Оның қатарына кәдуілгі веложол, тұрақтайтын орын және орындықтар мен жалға алу нүктелері кіреді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары