Бұл туралы Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты.
Облыс әкімдіктері өртті ерте анықтау жүйесін енгізу жұмыстарын жүргізіп отырған жоқ. Бұл туралы Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.
«Биыл қолданыстағы өртті ерте анықтау жүйелері Төтенше жағдайлар министрлігінің Дағдарысты басқару орталығына қосылды. Алдағы уақытта жүйелерді республика бойынша енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. 2025 жылға „Семей орманы“ резерватында жүйе орнатуға бюджеттік өтінім қолдау тапты. Сонымен қатар, әкімдіктер өртті ерте анықтау жүйесін енгізу жұмыстарын жүргізіп жатқан жоқ. Осыған байланысты еліміздің жиі өртке шалынатын Ақмола, Қостанай, Павлодар, ШҚО және Қарағанды облыстарында бұл жұмысты белсенді жүргізу қажет. Өртті ерте анықтау жүйелерін қаржыландыруды утильалым есебінен қайтарымды негізде жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын», — деді Ерлан Нысанбаев.
Оның атап өтуінше, өрт кезінде жедел шешімдер қабылдау мақсатында министрліктің республикалық диспетчерлік қызметі Астана қаласына көшіріліп, Төтенше жағдайлар министрлігінің дағдарыс жағдайларында басқару орталығына орналастырылды.
Кезекшілік тәулік бойы жүреді.
«Министрліктің алгоритміне сәйкес, дағдарыс орталығына және орман мекемелеріне Қазгидрометтен метеодеректер автоматты режимде беріледі. Осы деректер негізінде еліміздегі өрт қауіпсіздігі классы мен индексі анықталады», — деді ол.
Сонымен қатар министр осы жылдың 1 шілдесінен бастап орман өрті станциялары қызметкерлеріне лауазымдық жалақыдан 100 пайыз көлемінде үстемеақы белгіленгенін атап өтті.